Таукентте мемлекеттік әлеуметтік нысандардың саны артты

846

Теріскейдің экономикалық өсуіне едәуір үлес қосып отырған 30-ға жуық өндіріс орындары бар. Олардың әрқайсысы жергілікті жердің тұрғындарын жұмыспен қамтып, әлеуметтік жағдайын көтеріп отыр. Әрі өндіріс орындары орналасқан аймақты көркейтіп, әлеуметтік нысандармен толықтырған болатын.

Әр ауылда заманауи талаптарға сай аурухана, балабақша, мәдени-спорт кешендері бой көтеріп, көз қуаныштарына айналған. Енді сол нысандардың барлығы мемлекеттің меншігіне беріп, қарашаға қол жетімділігін артып отыр.

Мыңжылқы мен Келіншек таудың етегінде орналасқан Таукентте жеті мыңнан аса тұрғын бар. Олардың 90 пайызы «Қазатомпром» өндірісінде қызмет етеді. Ауылда жұмыссыздық мәселесі жоқ. Яғни, кенттің әлеуметтік жағдайы жақсы. Мұны кез келген тұрғын растай алады.

Әлішер Жақсылықов, Таукент кентінің тұрғыны: «Таукенттің арқасында талай адам бала-шағасын асырап, көлік мінді. Баспаналы болды. Жағдай жақсы. Жаныңа керектің барлығы бар.»

Кентте аурухана, балабақша, екі мектеп пен мәдени-спорттық кешен бар. Нысандардың барлығы «Қазатомпром-Демеу» өндіріс орнына тиесілі. Жұмысшылары үшін бар жағдайды жасаған уран өндірушілер елдімекенді көштен кейін қалдырмаған. Заманауи үлгіде жабдықталған балабақшадан бастап қонақ үйге дейін мемлекеттің меншігіне беріпті.

«Таукент-гүлдер» бақшасы екі ғимараттан тұрады. Бірі 280 балаға арналса, екіншісінде 140 сәби тәрбиеленеді. Байқағанамыз, балдырғандарға үш тілде білім беріледі. Әсіресе, ана тіліне аза назар аударылған.

Әр бөлме баланың танымын арттыратын құрылғылармен қамтылған. Өндіріс орны мультимедиялық жабдықтарды да қойып берген. Өзге бақшалармен салыстырғанда тәлім-тәжірибесінің тыңғылықтығы бірден байқалады. Жеткен жетістіктеріне байланысты тоқсан сайын сыйақы алатын тәрбиешілер өзгерістен қорықпайтындарын айтады. Қайта мемлекеттік қызметкер атанғандарына қуанышты.

Қарлығаш Жамиева, «Таукент-гүлдер» балабақшасының меңгерушісі: «Жергілікті әкімдікке өткенімізге өте қуаныштымыз. Өйткені біздің барлық жұмыс орындары сол қалпында сақталды. Білім беру заңының 77-қаулысына байланысты тағы да штаттар қосылды. Қызметкерлердің саны артты. Бұрынғы айлығымыз өзгелермен бірдей теңестірілді. Бір тиынымыз қысқармады,»

Кенттегі үш қабатты мәдени-спорт кешенінде жиырмаға жуық үйірме жұмыс істейді. Кешке дейін жасөспірімдер спортпен шұғылданса, жетіден кейін ауыл тұрғындары келіп жаттығады. Бұл нысан да «Демеу-Таукент» кәсіпорнының меншігінде болып келген. Барлық қызметкерлер өндіріс орнынан арнайы жалақы алып, жастардың бос уақытын тиімді өткізу үшін қызмет еткен.

Гүлзира Алтынбеков, Таукенттегі мәдени-спорт кешенінің қызметкері: «Мемлекеттік меншікке өткеннен кейін жағдайымыз жақсарды. Талап күшейді. Әр баламен жеке-жеке жұмыс істейтін болдық».

Меншігі өзгерсе де жұмыс істеу кестесі бәз-баяғы қалпында сақталған кешенде тек қызметкерлер қысқарыпты. Бірі мәдениет басқармасының қарамағына өтсе, ендігі бөлігі спорт басқармасына бағынышты болыпты.

Осылайша Таукентегі барлық әлеуметтік нысан мемлекеттің меншігіне беріліп отыр. Енді тек паспорттарын өзгертсе болғаны. Ал осыдан екі жыл бұрын бой көтерген аурухана ғана жергілікті әкімдікке қарамай отыр. Ресми емес мәліметтерге сүйенсек, оны жеке кәсіпкер сатып алғысы келіп отырған көрінеді.

Марат Оспанов, Таукент кентінің әкімі: «Әлеуметтік нысандарды бюджетке өткізу жақсы қолға алынған іс-шара деп ойлаймын. Біраз нысандар халыққа айырмашылықпен қызмет көрсететін.  Әсіресе, аурухана мәселесі қиын еді. Қарамай қоя салатын, енді бюджетке өткеннен кейін оң шешімін табады деп ойлаймын».

«Қазатомөнеркәсіп» АҚ бұдан өзге ақылы автотұрақтары мен тазалық мекемесін мемлекеттің меншігіне беріп отыр. Қыземшек пен Таукент елдімекеніндегі жылу мекемесі де бюджеттен қаржыландыратын болып келісіліпті. Кенттегі аурухана мен мәдениет үйлері де жергілікті әкімдікке беріліп отыр. Осылайша әлеуметтік нысандар толық жабдығымен аудан әкімдігіне беріліп отыр.