Ащысайға қан жүгірді…

372

Ащысай – металлургтердің мәртебесін арттырған мекен. Кеңес Одағы ыдыраған тұста тұралап, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары тоқырауға ұшырады. Халық күнкөрістің қамымен өзге қалаларға бас сауғалап, шағын поселке қаңырап қалған болатын.

Біз Ащысайдағы ащы шындықты бұған дейін де талай рет айтқанбыз. Сыннан нәтиже шығып, жергілікті билік ауылға көңіл бөлді. Қаржы беріп, әлеуметтік нысандарды жөндеп жатыр. Тиісінше, ауылдықтар жұмысбасты атанып, көңілдері серпіліп қалды.

Ащысайға қан жүгірді...Сәуле Қаратышқанова, ауыл тұрғыны: «Бізге көп адам «Таудың ортасында не істейсіңдер, тас жейсіңдер ме» деп айтады. Жоқ, біз де өмір сүреміз. Ауылымызға биыл қайта жан біткендей. Мектептер жөнделіп жатыр, сол мектепте болашақ ұрпағымыз оқиды. Оларға жағдай жасалып жатқанда қайда кетеміз? Жолымыз да жақсарды. Бұрын қалаға 1-2 сағат уақытымыз кететін. Қазір жол жөнделгелі жарты сағатта барып келеміз. Бұрынғыға қарағанда таксилер де көбейді».

Ащысайда әлеуметтік нысандар жөнделіп жатыр. Жылдар бойы ескі ғимаратты паналап келген ауылдықтардың әлеуеті де көтерілді. Жөндеу жұмыстарын өздері жүргізуде. Биыл ауылға бөлінген бюджет қаржысы еселеніп, көшелер тегістелуде, саябақ көріктендірілуде.

Байбосын Тоқтаров, ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы: «Биыл ауылымыз жағымды жаңалықтарға толы болды. Әлеуметтік нысандар жөнделіп жатыр. Онда қаншама ауыл тұрғыны жұмыспен қамтылып отыр. Ауылымыздың ажарын кіргізер игі істер басталуда. Биылғы жұмыстар көңілімізден шығады».

Ащысайға қан жүгірді...

Ащысай ауылының клубы кезінде металлургтердің мерейін өсірген ортаның бірі болатын. Аумалы-төкпелі кезеңде клуб құлазып, көркі бұзылған. Жастар барды қанағат тұтып, шатыры шұрқ тесік, қабырғасы қайысқан ғимаратта бос уақыттарын өткізіп келді. Олардың өнерге деген құлшыныс байқағандар биыл мәдениет үйін жөндеуден өткізіп, түрлі үйірме ашуды жоспарлап қойыпты. Жаңғырту жұмыстаны 37 млн теңге жұмсалуда.

Жасұлан Тәжібаев Жасұлан, клуб меңгерушісі: «Клуб жөнделген соң жастармен жұмысты жандандыратын боламыз. Жастардың патриоттық сезімін көтеруі мақсатында көптеген іс-шара ұйымдастырамыз. Ұлттық ойындардан жарыстар өткізіледі. Жастар орталығымен бірігіп, жастардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында да түрлі іс-шаралар өтеді. Клубта үстел теннисі бар. Домбыра, гитара және би үйірмесі жұмыс жасайды. Жөндеу жұмыстары біткеннен кейін демеушілердің есебінен проектор алмақпыз. Онда жастарды ұлттық тәрбиеге баулитын кино, балаларға мультфильм көрсетеміз деп жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, клуб ішінде би алаңшасы бар. Соны ролик тебетін орталық етпекпіз».

Ауылдағы спорт залы да қайта жаңғыртудан өтіп жатыр. Ғимарат жөнделіп біткен соң, тоғызқұмалақтан үйірме ашылып, биллард және тенниспен шұғылдануға мүмкіндік туады. Сондай-ақ, ауылдағы екі мектепте күрделі жөнделуде.

Еске салайық, Ащысайда 2 176 халық бар. Олардың дені – кеншілер. Басым бөлігі өзге аймақтарда вахталық әдіспен жұмыс істейді. Егер кеңес дәуірінен қалған кен қайта өңделсе, қайтып келуге бекініп отыр.