Жұмысшылардың құқығын қорғауда кәсіподақтың рөлі күшейеді

421
Тамара Дүйсенова

Жұмысшылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында кәсіподақтардың рөлі күшейтіледі. Мұны өңірімізге іс-сапармен келген денсаулық сақтау және әлеуметтік даму Министрі Тамара Дүйсенова хабарлады. Жиында жұмыс берушілер мен оны орындаушыларға еңбек кодексінің жаңа нормалары түсіндірілді.

Тамара ДүйсеноваӘзімбек Есіркепов Шымкенттегі кәсіпорындардың бірінде инженер болып жұмыс істейді. Отбасын асырап, мемлекет сұранысына қажетті өнім дайындауға атсалысып жүрген жас маман үшін де еңбек құжатының маңыз зор.

Жаңа кодеспен танысып шыққан ол заңнамада жұмысқа жаңадан қабылданған қызметкерлердің мүддесі де жан-жақты қорғалған дейді. Жаңа өзгерістерге сай жұмыс берушіге сынақтан өту мерзімін кез-келген қызметкер санатына қою құқығын беру ұсынылады.

Жұмыс беруші қызметкерді жұмыстан қысқартқан жағдайда қазіргі кодекс бойынша бір айлық жалақы мөлшерінде өтем төленеді. Ал жаңа құжат бойынша бұл бөлімде өзгеріс бар. Жұмыс беруші қысқарту туралы барлық мәліметті кәсіподақтарға 1 ай бұрын хабарлама жасауы тиіс. Және қысқартуға ілккен жұмысшыға 2 айлық еңбекақы төленеді.

Жаңа кодекске сәйкес мерекелік және демалыс күндері үшін төленетін еңбекақы мөлшері қысқартылып отыр. Қолданыстағы заң бойынша демалыс күндері жұмыс істеген қызметкер 1,5 күндік жалақы мөлшерінде еңбекақы алатын болады.

Облысқа жасаған жұмыс сапарының қорытынды жиынында Тамара Дүйсенова аудан әкімдерінің орынбасарлары мен облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының өкілдерімен бірге азаматтарды жұмыспен қамту мәселелері жөнінде талқылады. Министрдің айтуынша, өңірлік жұмыспен қамту кешенді жоспарының іске асырылуы нәтижесінде 311,6 мың адам жұмыспен қамтамасыз етіліп, жоспарланған көрсеткіштің 102 пайызын құраған. Ал «Жұмыспен қамту» бағдарламасы аясында 118,3 мың азамат жұмыс тапқан.