Тоқыма фабрикасы жұмысшыларына 2 айдан бері жалақы бермеген

21

Шымкенттегі тоқыма фабрикасының жұмысшылары 2 айдан бері жалақысыз жүр. Олар өз ақшасын беруді талап етуде. Осыдан 1 апта бұрын зауыт өз жұмысын тоқтатқан. Ал қызметкерлер наурыздан бері компания не айлық бермегеніне, не зейнетақы мен медициналық сақтандыру жарналарын аудармағанына наразы.

Шымкенттегі тоқыма фабрикасының 350 қызметкері жұмыссыз қалды. Сонымен қатар олар 2 айдан бері жалақыларына қол жеткізе алмай жүр. Тіпті компания ақылы еңбек демалыс қаражатын да бермеген. Өткен аптадан бері жұмысшылар өз айлығын беріп қала ма деген үмітпен фабрика есігін тоздырумен жүр.

«Олар бірден фабриканы тоқтатты да, жауып, бізді үйге жіберіп жіберді. Болды, бізге айлық жайында ештеңе айтпады. Біз өз ақшамызды сұрап отырмыз ғой. Қанша күннен бері айлығымызды күтіп жүрміз. Береміз деп қайтарады. Бірақ жоқ. Міне айдың соңы болды. Біздің несиеміз бар, қарызымыз бар. Оны төлеуіміз керек. Ал балаларымыз ше. Оларды айлықсыз қалай асыраймыз», – дейді Шымкент қаласының тұрғыны Базарайым Қалыбекова.

Жиналған халық соңғы айларда оларға зейнетақы мен медициналық сақтандыру жарналарын да төлемегенін айтады.

«Айдың ортасында наурыздың айлығын береміз деді. Ал айдың соңында сәуір айының ақысын береміз деп айтты. Бірақ әлі күнге жоқ айлық. Тіпті желтоқсан айынан бері медициналық сақтандыру мен зейнетақы жарнасы да құйылмаған. Емханаға барсақ, артқы 4 айға ақша құю керек деп тұр», – дейді Шымкент қаласының тұрғыны Білімжан Лесбекұлы.

Зауыт өкілдерінің айтуынша, тапсырыс болмағандықтан жұмысты тоқтатуға тура келген. Кәсіпорын экспортқа бағытталған, бірақ қазір олар шығынға батыпты. Сондықтан тауарды сатып алатын мекеме табылмайынша, қызметкерлерді уақытша еңбек демалысына жіберген. Ал жалақыны жақын күндері береміз деп сендірді.

Біз қолымыздан келгенін жасап жатырмыз. Тауардың өтпей қалғанына байланысты уақытша жұмысты тоқтаттық. Тауарды алатын компания табылса, бәрі қалыпқа келеді. Ал айлық пен аударымдарды қарастырып жатырмыз. Ақша түссе, айлықты жібереміз», – дейді «Azala Cotton» ЖШС қаржы директоры Сәбит Байтілеуов 

Жауапты мамандар тұрғындардың жұмыстан шығып, басқа жаққа орналасуына болатынын айтады. Дегенмен олардың мамандығы бойынша Шымкентте бос орын аз. Ал зейнет жасындағы адамдар үшін екі қолға бір күрек табу тіптен қиын. Айта кетейік, арна тілшілерінің түсірілімінен кейін жұмысшылардың 1 айдың жалақысын төледі. Алайда бұл да толық айлық емес.