Самалдағы Қазына көшесі
Самалдағы Қазына көшесі

Шымкенттегі инфрақұрылым көңіл көншітпей тұр.  Самал-3 шағынауданындағы қалың қауым қала әкімі мен депутаттардан қол ұшын беруді сұрайды. Мұндағы жұртшылық көлік қозғалысының арасында қауіпті күй кешуде. Елдімекендегі күре жолдың бойында жаяу жүргіншілер жолы жоқ. Ал сол төңіректегі мектепте 3000-нан астам шәкірт білім алады. Бүгінге дейін бүлдіршіндерді көлік қағу фактілері де тіркелген.

Самалдағы Қазына көшесі
Қазына көшесі

Самал-3 шағынауданындағы даңғарадай №87 білім ұясында оқитын шәкірттердің тең жартысы осы жолмен жүреді. 2-сынып оқушысы Фазулхан Ынтымақов үшін мектепке барып-келу мұң. Өйткені, жолдың жиегіндегі батпаққа батып, жүйткіген көліктердің арасында жүруге мәжбүр.

Фазулхан Ынтымақов, 2-сынып оқушысы: «Машина қағып кетпеу үшін біз жолдың шетіне шығамыз. Аяғымыздың бәрі лай болып, сосын біз жолға шығып, үйімізге қайтамыз.»

Елді мекендегі күрежол болып табылатын Қазына көшесіне асфальт 2013 жылы төселген. Бірақ жаяу жүргіншілер жолы қарастырылмапты. Содан бері жұртшылық билікке базынасын айтып, әбден әуре болғандарын айтады. Тіпті үкімет басшысына да хат жолдапты. Алайда астаналықтардың жергілікті билікке берген тапсырмасынан әлі нәтиже жоқ. Ал бұл кезде шәкірттерді көлік қағып кетіп жатыр.

Самалдағы Қазына көшесі
Қазына көшесі

Жұрт былай тұрсын, жауапты мамандардың өздері де жаяу жүргіншілер жолы шынында қажет екенін айтады. Егер осы мәселе мәслихат сессиясында қолдау тапса, келер жылы құрылысты бастауға әзір екендерін айтады.

Перзенттері үшін жанын шүберекке түйіп, сары уайымға салынған ата-аналардың ендігі бар үміті қала билігінде.

Асқар Сәтпаев