Шымкентте жөндеуден өтіп жатқан көшелердегі асфальт төсеу жұмыстары тоқтап қалды. Құрылысшылардың мәлімдеуінше, асфальтпен қамтитын зауыт істен шыққан.
Қожанов көшесіндегі қайта жөндеу жұмыстары осымен бірінші рет емес, бернеше рет тоқтап қалуда. Бұған дейін жұмысқа «қызыл» сызықтан асып кеткен ғимараттар кедергісін келтірсе, бұл жолы асфальттың тапшылығы қолды байлаған.
Соның салдарынан көлік жүргізушілердің жүріп-тұруы қиындап қалды. Қарапайым халық ауа райы қарасып тұрғанда жолды жөндеу жұмыстарын тоқтатпау керек еді деп есептейді.
Тамыздың ортасында құрылысы басталған Қожанов көшесіндегі жұмыстың бірінші кезеңі жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс. Жобалық-сметалық құжатқа сәйкес Темірлан тасжолы мен Аврора көшесінің аралығы 700 метрге созылып, ені 15 метрге дейін кеңейтілген.
Жолдың жиегінде ирригациялық жүйелер орнатылып, жаяу жүргіншілер жолы да қарастырылған. Дегенмен, құрылыс барысы кәсіпкерлердің де жолын байлап, жұмысына кедергісін келтіріп отыр.
Сабыржан Ахмадов, кәсіпкер: «Жол кеңейтілетініне қарсылығымыз жоқ. Біз көлік жөндеумен 1993 жылдан бері айналысамыз. Құжаттарымыз толық. Кәріз және су жүйесі қалай өткені жайлы сызба да бар. Ал мердігерлерде болмай шықты. Сондықтан олар осындағы кәріз жүйесін бұзып тастады. Оларды өз есебімізден қалпына келтірдік. Құрылыс жұмыстары барысында бізге барар жол биіктетіліп, жүргізушілерге ыңғайсыз болып қалды.»
Ал «қызыл» сызықта салынған нысандарға қатысты күрделіктер жұмыс барысында шешімін табқан. Яғни, жұмыстың тоқтауына еш кедергі жоқ. Бұл жұмыстың сапасын техникалық қадағалау мекемесі мен қалалық көлік және автомобиль жолдары бөлімінің мамандары тексеріп алады.
Ал Бауыржан Момышұлы көшесін жөндеу жұмыстарының бірінші кезеңі осы айдың соңында аяқталуы тиіс. Жобалық-сметалық құжатқа сәйкес, мердігерлер биылға бөлінген 73 млн теңгені игеруі қажет.
Бұл тұста да құрылысқа «қызыл» сызықта салынған жекеменшік үйлер мен қоршаулары кедергі болған. Соның салдарынан жаяу жүргіншілер жолын төсеу қиынға соғыпты. Алайда кездескен күрделіктерге қарамастан жұмысшылар жолдың енін 18 метрге дейін кеңейтті. Нысан құрылысы өтпелі болғандықтан, құрылыстың екінші кезеңін мердігер мекеме 2015 жылдың мамырда аяқтауды жоспарлап отыр.
Шынар Оразова