Бақыт Түменова: «Бізде психикалық ауруды анықтау әлі ақсап тұр»

386
Бақыт Түменова

Психикалық аурудың көрсеткіші дүниежүзі бойынша 25 пайызға өскен. Жыл санап жүйке жүйе ауруларының артуына көбіне тұрмыстағы келеңсіз жағдайлар себеп. Бұл туралы «Аман-саулық» қоғамдық қорының президенті Бақыт Түменова Шымкентте өткен қоғамдық қабылдауында мәлімдеді.

Бақыт Түменова

Маманның айтуынша, Қазақстанда психикалық ауруларды анықтау мәселесі әлі ақсап тұр. Бұл тұрғыда дәрігерлер нақты диагноз қоюды жетік меңгеруі тиіс. Кеш анықталған диагноз салдары өз-өзіне қол жұмсауға дейін апаруы мүмкін. Тіпті қатты күйзеліске түсіп, адам өлтіру жағдайлары да тіркелуі ғажап емес деп отыр маман. Сол себепті ауру ертерек анықталып, науқас дер кезінде көмек алуы қажет.

Өз-өзіне қол жұмсап және күйзеліске ұшырап адам өлтіргендер дер кезінде жүйке ауруын анықтамағандардың қатарына кіреді. Статистикалық мәліметке сүйенсек, биылдың өзінде Оңтүстікте суицидке қатысты жағдай 50 пайызға артса, жүйке жүйесі шаршаған адамдар жасаған ауыр қылмыс екі есе өскен. Мамандар мұндай азаматтарды қылмыскер деген аттан арылытып, психикалық тұрғыдан емдеу қажет деп санайды.

Бақыт Түменова, «Аман-саулық» қоғамдық қорының төрайымы: «Мұндай адамдарға мүмкіншілік беру керек. Олар өз ауруларына байланысты 11 сыныпты болмаса да 9 сыныпты мектепте бітіру керек. Одан кейін мамандық алуы тиіс. Мұндай науқастарға дұрыс диагноз қоймай жатырмыз. Өздеріңіз білесіздер — өзіне-өзі қол жұмсау фактілері көбейіп кетті. Мүмкін, бұл адамдардың ішінде психикалық тұрғыда дерті бар адамдар бар шығар?»

Бұл тұрғыда дәрігерлер нақты диагноз қоюды жетік меңгеруі тиіс. Кеш анықталған диагноз салдары қоғамдағы қылмыстың көбеюіне себеп дейді сала мамандары. Егер дерттің алдын алса, ментальды денсаулығы бұзылған адамдарды қоғамның тіршілігінен алыстатпай, олардың мүмкіндіктерін арттыруға болады. Тіпті бұл әдіс әлемнің озық елдерінде тәжірбиеден өтіп, толық расталған. Енді Қазақстанда жүзеге асу үшін жаңа жобадағы жұмыстар қолға алынбақ.

Николай Негай, республикалық психиатрия, психиотерапия, наркология ғылыми-практикалық орталығының директорының орынбасары: «Мұндай азаматтарды қоғамның тіршілігінен алыстатпау ққажет. Керісінше, ортаға тартып, мейлінше көмек көрсету жағын дамыту қажет. Халықаралық тәжірбиеде бұл дәлелденген. Қазір біз бұл бағытта жаңа жұмыстарды қолға алып жатырмыз. Алға қойған жоспарларымыз оң нәтижесін берсе, медициналық қызмет көрсетудің жаңа әдісі енгізіліп, қызмет көрсету сапасы жақсарылады деген сенімдеміз.»

Денсаулықты түзетуге арналған жаңа бағыттағы жұмыстар бойынша қазір жан-жақты талдау жұмыстары жүргізілуде. Дегенмен, психикалық ақыл-есі ауысқан адамдарды жұмыс көзіне тартып, қоғамға қауіпсіз деп санау көпшілікке күмән туғызбай қоймайды.

[youtube]https://youtu.be/mpg4ce_4C3o[/youtube]

Лаура Мамырова