Бекетті өткелі

Бір топ шымкенттіктер баспанасына апарар жолдың жағдайын көріп, жүйкесі тозуға айналған. Балшыққа батқан Бекетті көшесінің тұрғындары көшеге шықты.

Айтуларынша екі жетіден бері әрлі-берлі жүріп-тұруы қиындап кеткен. Оған кәріз жүйесін жүргізіп жатқан мердігердің шала жұмысы себеп деп отыр жұртшылық. Қалың қауым қыстың көзі қырауда тірлікті бастауға нұсқау берген жергілікті билік өкілдеріне де өкпелі.

Бекетті өткелі

«Нұр таңы» ЖШС осы іске бөлінген 48 млн теңгені игерумен әлек, ал көпшілік қазу жұмыстарын кеш бастауға нұсқау берген жергілікті билікке өкпелі. Мұндай құрылыс жер құрғақта жасалуы керек дейді жұртшылық. Ал қазір бала түгілі ересектердің жүріп-тұруы мұң болып отыр. Тұрғындар, ең болмаса, қазылған жерлерді қоршап қоюды талап етуде .

«Менің балам шарбақ қақпасын ашып, шұңқырға құлап қалды. Құдықтардың жаны жабылмаған. Қазір аязда қатып жатыр, ерісе батпаққа батасың.»

Бірақ көпшіліктің бұл сөзімен құрылысқа тапсырыс берушілердің келіскісі жоқ. Айтуларынша мердігер тиісті құрылыс нормаларын сақтаған. Десе де шұңқырлардың қоршауы қолды болып кетеді екен.

Нұрлан Жаманкөзов: «Әрине, тұрғындардың тіршілігіне бұл құрылыстың әсері бар екенін біз білеміз. Бірақ, сол үшін алдын ала кешірім сұраймыз.»

Мердігер әлі 1070 метр кәріз жүйелерін төсеуі қажет. Және ол іс жыл соңына дейін аяқталмайды. Келер жылы тағы жалғасады. Сол себепті тұрғындардың тағы біраз балшыққа бататын түрі бар.

Нұрлан Жаңабай