Оңтүстік Қазақстан облысында қар басқан жолда қалып қойған тұрғындар құтқарылды. Олар 20 желтоқсан күнгі боранда Шақпақ ата асуында қалып қойған. Бұл туралы төтенше жағдай қызметкерлері хабарлайды.
Оқиға орнына Түлкібас аудандық төтенше жағдай бөлімінен, облыстық құтқару жасағынан және Қазавтожол мекемесінен барлығы 8 арнайы техника мен 26 маман көмекке аттанады.
Құтқарушылар жергілікті полицейлермен бірге жедел қимылдап, кешкі сағат 7 шамасында 200 адамды қар құрсауынан алып шықты. Олар 8 автобус пен 20 жеңіл көлікте болған. Барлығы да Шымкент қаласына жеткізілді. Зардап шеккендер жоқ.
Осы тұста төтенше жағдай қызметкерлері Бәйдібек пен Созақ ауданындағы Шыбықбел мен Жарықпас ауылдарына баратын жол әзірге жабық деп хабарлайды.