ескі бағандар мен электр желілері түгел алмастырылып жатыр

Жаңа жылдан бастап облыста электр жарығы қымбаттайды. Бұл туралы Шымкентте өткен электр энергиясын сату тарифтеріне арналған қоғамдық тыңдауда мәлім болды. Облыс жұртшылығын жарықпен қамтитын мекемелер енді бұл қызметтің құнын жеке тұлғалар үшін 7 пайызға арттырмақ.

ескі бағандар мен электр желілері түгел алмастырылып жатыр

Облысты электр қуатымен қамтып отырған «Оңтүстік Жарық» ЖШС тұтынушылардың санатына қарай бірнеше тарифті бекітіп отыр. Жаңа жылдан бастап жеке тұлғалар электр энергиясына 6 пайызға, заңды тұлғалар 7 пайызға артық ақша төлейтін болады.

Осыған дейін жеке тұлғалар 1 квт электр қуаты үшін 12 теңге 50 тиын төлеп келген болса, енді 13 теңге 25 тиын төлейді. Заңды тұлғаларға биыл электр жарығының 1 квт 19 теңге 46 тиыннан түскен болса, енді бұл санаттағылар 24 теңге 11 тиыннан төлем жасайтын болады.

Электр энергиясын тасымалдайтын солтүстіктің компаниялары қуаттың құнын 82 пайызға арттырып отыр. «Кигок» АҚ электр қуатын беру және бөлу қызметтерінің бағасын 7 пайызға арттырған. Өңірді жарықпен қамтушы мекемелер келер жылға бірнеше тасымалдаушы және электр өндіруші кәсіпорындармен келісім-шарт жасаспақ.

Ал жұртшылық жаңа жылдың жаңа тарифпен басталатынына да көндіккен сыңайлы. Қоғамдық тыңдауға келген халықты жарықтың бағасынан бұрын сапасы қызықтырды. Олар соңғы кездері жиі сөніп қала беретін электр жарығына алаңдаулы.

Қос мекеме қазір табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетіне жаңа тарифтерді бекіту туралы ұсыныс жолдап отыр.