Көтерме сауда

Жаңа жыл қарсаңында базарларда сауда қыза түскен. Әсіресе цитрус өнімдеріне сұраныс жоғары. Баға шарықтап тұр. Сатушылар жемістің құны былтырғы мерзіммен салыстырғанда екі есе өскенін айтады. Тұрғындар да қымбатшылық кезеңінде үнемділікке көшкен.

Көтерме саудаҚытайдан жеткізілген мандариннің саудасын алыпсатарлар қыздыруда. Ұсақ мандариннің жәшіктегі 7 келісі 2 400 теңге тұрады. Ал үлкендері, 15 келісі – 4000. Грузиядан жеткізілген мандариннің келісі 350 теңгеден саудалануда. Аргентиналық ананастың бір данасы – 700 теңге , ал жәшіктегі 12 данасы 8000 теңге тұрады.

Бұл – көтерме баға. Бөлшек саудада әр ананастың үстінен 200 теңге пайда көресің дейді сарыағаштық Алмагүл Тәшімбетова.

Базарда қорапшадағы қытайлық кивиді 500 теңгеден сатып аласыз. Ташкенттік құрма мен алмұрттың келісі 450 теңгеден саудалануда. Жүзімнің келісі – 600 теңге, қырғыз алмаларының келісі – 250 теңге. Түлкібастың алмасы 50 теңгеге арзан. Қалтаң көтерсе, таңдау бар. Әсіресе жәшікпен сатып алсаң тиімді.

Базар бағасы шарықтаса да алушылардың қатары азаймаған. Тек бұрынғыдай үйіп-төкпейді. Жандарына үнемділікті серік еткен.

Шынар Оразова