Бағыс ауылы

Сарыағаш ауданындағы Бағыс ауылының тұрғындары қиын жағдайда қалып отыр. 1300-ден аса халқы бар қазақ ауылы әлі күнге Қазақстан картасына енбеген. Соның салдарынан шекаралы аумақтағы тұрғын үйлерге берілген мемлекеттік актілер заңсыз деп танылып, жергілікті жұрт әлеуметтік құжаттарды да ала алмай қалған.

Бағыс ауылы

14 жылдан бері мәселелерін шеше алмай келе жатқан бағыстықтар ауылдағы ескі мектепке жиналды. Биліктен көмек көрмеген жұрт базынасын тілшілерге жеткізіп отыр. Айтуларынша, елдімекенде бас-аяғы 205 үй бар болса, соның 17-сі ғана Қазығұрт ауданына тіркелген.

Өзге үйлер де, ауылдың жерлері де Қазақстан аумағында жоқ болып шықты. Түрлі құжат алуға барған бағыстықтарға құзырлы мекемелер картада жоқсыздар деп, еш жерге тіркеуге алмай қойыпты. Тіпті, мұнда туылған сәбилер де тізімге енбейді деп ашынады халық .

Әбидолла Құсайынов, Бағыс ауылының тұрғыны: «Халыққа қызмет көрсету орталығынан барып алып жатырмыз. Бірақ, оны базаға енгізіп, тіркету үшін үйдің құжатын сұратып жатыр. Үйдің құжатын алып барсақ, үйдің құжаты базада жоқ, енгізе алмайсыздар дейді. Ең қысқасы, кешегі туылған немереме үш ай болды – әлі базаға тіркей алмай келемін.»

Кеңес дәуірінде жері өзбек еліне тиесілі болған ауыл 2001 жылы толығымен Қазақстанға өткен. Сол кезде жұртқа мемлекеттік актілер беріліп, халық құжаттандырылған екен. Алайда артынша аудандық жер қатынастары бөлімі тұрғын үйлерге кадастрлік нөмір беруден бас тартыпты. Қазір ауылдың мектебін жаңалау мен ФАП салу, тіпті, газ құбырын тарту мәселесі осы проблемаға байланысты тоқтап тұр.

Ділдәбек Досмырзаев, тұрғын: «Біздің Бағыс ауылы картада жоқ екен. Картада былай тұрсын, Қазақстанда жоқ екен. Сонда ауыл аяқ астынан қайда кетті? Ине емес жоғалып кететін. Тұтастай бір ауыл.»

Соған қарамастан тұрғындардан жылдар бойы салып жиналып келеді. Бағыстықтардың шулап жатқанын естіп, мектепке Ақжар ауылдық округінің әкімі Ералхан Есенбаев келді. Оның сөзінше, әкімдік тарапынан жерлерді заңдастыруға бірнеше рет әрекет жасалған. Бірақ, бәрі нәтижесіз болыпты. Биліктегілер бұл екі ел арасындағы мемлекетаралық деңгейде шешілетін мәселе деп жауап қатқан көрінеді.

Ералхан Есенбаев, ауыл әкімі: «Жоғары тұрған органдарға хабардар етіп, шешу бойынша хаттар жібердік. Көрсеттім. Сондай жұмыстарды жүргізіп жатырмыз әлде де. Тоқтап қалған жұмыс жоқ.»

Қалай болғанда да екі бірдей облыс әкіміне хат жазып, жауап ала алмаған тұрғындар өңір басшысы Бейбіт Атамқұловтың қолғабыс ететініне сенімді. Олай болмаған жағдайда жиналып, Елордаға баруға бекініп отыр. Сөйтіп 14 жылдан бері шешілмей отырған мәселені соңына дейін жеткізбек.

Евразия телеарнасы