Трансформатор зауыты

Кентау трансформатор зауытының ұжымы өндіріс қуатын үш есеге арттырды. Бастысы, сапалы өнімге сұраныс бар. Электр энергетикасы және  машина жасау саласында Орта Азияда теңдессіз саналатын кәсіпорын өз өнімінің тең жартысын шетелге саудалауда. Қазақстанның даму банкі тарапынан бөлінген 1,5 миллард теңге несие кәсіпорынның өндірістік қуатын бұдан да еселей түспек.

Трансформатор зауытыТеміржолға арналған трансформатор – зауыттың жаңа өнімі. Бұған дейін ол шеттен әкелінетін. 1 ай ішінде құрастырушылар өнімді өзіміздің зауытта жасап шығарған. Қазір оны соңғы сынақтан өткізіп жатыр.

Адасбай Ыстыбаев, зауыттың бас конструкторы: «Салмағы және габариттік өлшемі. Ресей және Қыдайдікінен жеңілдеу. Ал техникалық сипаттамасы олардыкінен кем емес. Тіпті, кейбір жерлері жақсы шыққан. Соған қарамастан біздің өнімнің бағасы Ресей және Қытайдыкінен 10 пайыз арзан.»

Зауытта бүгінде трансформатордың 350 түрі шығарылады. «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің қаржылай қолдауы нәтижесінде тапсырыс ұлғайды. Өндіріс орнында 1200 адам үш ауысымда еңбек етеді.

Трансформатор құрастыруға қажетті алюминий мен мыстан жасалған сымдар да өзімізде өндіріледі. Ал бұл өнімнің өзіндік құнын 10 пайызға дейін азайтуға мүмкіндік берді. Несие шикізат пен трансформаторды құрастыруға қажетті бұйымдарды сатып алуға жұмсалмақ.

Хайрулла Қожабаев, зауыттың атқарушы директоры: «Бұл – жұмыс күшін сақтап қалуға ықпал етеді. Сатуға мүмкіндіктер береді. Трансформатор бағасы арзан болады. Көршілес Ресей, Өзбекстанға сатуға мүмкіншілік ашпақ.»

2016 жылы Кентау трансформатор зауытының өндіріс қуаты бұдан да артпақ. 14 мың трансформатор шығару жоспарланған. Бұл – биылғыдан үш мыңға артық деген сөз. Ресей, Тәжікстан және Өзбекстанның ірі компанияларымен зауыт өнімін сату бойынша 7 бірдей келісім жасалыпты.

Зәуре Оралбаева