Медеу көшесін қазғандар жолды енді жөндеуге кірісті

472
Медеу көшесі

Қайтпас-1 шағынауданындағы Медеу көшесінің қордаланған мәселесін бұған дейін де бірнеше рет айтқан болатынбыз. Мемлекеттік бағдарлама бойынша мұнда көгілдір отын мен су құбырлары жүргізілген. Бірақ, мердігер компания көшені жөндеусіз қалдырып кеткен. Коммуналдық сала мамандары бұл олқылықты қыркүйек айында шешеміз деп уәде берген болатын. Алайда, берілген уәде дер кезінде орындалмай, тұрғындар белшеден лай кешуге мәжбүр.

Медеу көшесі

Тұрғындар бұрын Медеу көшесінің жолы тақтайдай тегіс болған дейді. Оны да өздері төсеткенін айтады. Қазір еңбектері еш кетіп, белшеден балшық кешіп жүргендеріне налиды. Ол аздай, батпақ көшеге жедел жәрдем көлігі де кіре алмай қалыпты. Су мен газ құбырын жүргізгендер ала жаздай шаңның астында қалдырса, жаңбырлы күні лайға батқызған.

Көшені қазып, су құбырын жүргізген — «Үш сай» компаниясы екен. Жол жөндеуді ұмыт қалдырған мердігерлер жіберген кемшіліктерін бір аптада қалпына келтіруге уәде етті. Тұрғындар телеарна көмегіне жүгінгенін ести сала, техникасын бірге ала келіп, іске кірісіп-ақ кетті.

Медеу көшесі

Медеуліктердің жүйкесін жолдан өзге жарық та шаршатқан. Үп еткен желге сөніп қалатын трансформаторды ауыстырып берсе дейді. Алғашында 300 үйге лайықталып орнатылған трансфарматордан бүгінде 500 түтін электр қуатын пайдаланып отыр екен.

Тұрғындар өз мәселелерін шешіп беремін деген әкімдікке көмек қолын созуға да дайын. Бастысы, айтылған арызды жерге тастамаса деп тілейді. Ал жаңа жылды жаңа көшеде қарсы алатындарына қуанышты. Тек көше жөндеу жұмысын ұмыт қалдырған жауаптылар жарты жолдан тастап кетпесе игі деп отыр.

[youtube]https://youtu.be/Cg1DKSCNQe4[/youtube]