Шымкенттегі «Отырар» медиахолдингінің конференц-залында «Мобилді қауіпсіздік» атты тегін шеберлік сабағы өтті. Мобильдік сауаттылықты көтеруге арналған «Digital Life» атты ауқымды білім беру жобасы аясында ұйымдастырылған дәріске «Мирас» университетінің студенттері қатысты.
«Е-еvent» агенттігі серіктестік ететін жобаның шеберлік сабағын Карина Алипова жүргізді. Аталмыш жобаның Шымкенттегі әріптесі — «Отырар» медиахолдингі.
Мұнда студенттер смартфон көмегімен өздерінің ғана емес, сонымен қатар туған-туыстары, тіпті пәтерінің де қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы ақыл-кеңестер алып, білімін толықтырды.
Бұл үшін жастарға смартфонға арналған салалық қосымшалар таныстырылды. Оларды қалай, қандай мақсатта қолдануға болатынын үйретті.
Осылайша, студенттердің смартфон көмегімен туған-туыстарының қайда жүргенінен әрдайым хабардар болу, қауіп төнгенде SOS дабылын жіберу жайында хабардар болды. Бұған қоса өз пәтеріне смартфонмен бейнебақылау орнату және балаларды жасына сай келмейтін интернет-контентке жолатпаудың әдістерін білді.
Мобилді қауіпсіздікке байланысты ұсынылған түрлі қосымшаларды жүктеп, орнатып, оларды пайдалануды үйренді.
Еске салсақ, «Digital Life» жобасының мақсаты — смартфондар мен мобильдік қосымшалардың беретін мүмкіндіктері мен артықшылықтарына қатысты кең жұртшылықтың білімін көтеру. 2015 жылдың желтоқсанына дейін жалғасатын бұл жоба Қазақстанның 16 қаласын қамтып отыр. Жалпы алғанда, «Digital Life» жобасы аясында 160 семинар және шеберлік сабағы өткізіліп, оған бірнеше мыңдаған адам қатысатын болады.
фото: Жәнібек НҰРЫШ