Арнасай

Арнасайда қос құрылыс қайта жанданды. Шекаралы өлкеде бөгетпен бірге жол да тартылып жатыр. 2012 жылы басталған айтулы іске биыл қазына қоржынынан қаражат бөлінуіне байланысты қайта қан жүгірді. Онда қазір 700-ге жуық жұмысшы ауысыммен алмасып, тынбай еңбек етуде. Бүгінге дейін Арнасайдың алып бөгетінің 12 шақырымы аяқталыпты.

Арнасай

Мырзашөлге жету үшін шардаралықтар қазір шартарапты шарлау мәжбүр. Кеңестік кезеңде мұнда төте жол болған. Ал кейінгі кездері сол жолдан жұрнақ та қалмапты. Енді қолға алынған құрылыстан қос ауданның халқының қатынасы жеңілдемек.

Тойым Жүнісов, Мақтаарал ауданының тұрғыны: «Ол кезде Қазақстан, Өзбекстан бір едік. Өзіміз ғой деп осы жолды Өзбекстанға беріп жібергенбіз. Кейін тәуелсіздік алғаннан сол жолсыз қалдық.»

Сол үшін бұл аумақта жол салу басты қажеттілікке айналған болатын. Әсіресе, Арнасайдағы ахуалды бақылауда бұл нысанның маңызы ерекше.

Ислам Әбіш, Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы министрлігі су ресурстары комитетінің төрағасы: «Арнасай су тоспасында бір апатты жағдай бола қалса, оны барып жөндеуге жол қалмаған еді. Сол мәселені де шешеміз.»

Шардара су қоймасының сыйымдылығы — 4 миллиард текше метр. Көктемде ондағы су 5,2 миллиард текше метрге бір-ақ жетеді. Бөгенге сыймаған тіршілік көзі Арнасай тоспасы арқылы Өзбекстан аумағына жіберілетін. Енді осы суды сақтап қалып, Түркістан мен Қызылорда облысындағы дихандарды ағын сумен қамту керек.

Арнасай

Осыған мүмкіндік беретін құрылыс қыркүйек айында басталған. Себебі сол кезде Шардараның суы тартылыпты. Тәулігіне 500 метрдей жер тапталып, темірмен шегенделген. Соңынан бетон құйылып, барлық талаптар қатаң сақталуда.

Салынып жатқан бөгеттің үсті жол болады. Мақтаарал мен Шардара халқы бүгінде 160 шақырымдық айналма жолмен байланысып жатыр. Енді жоспарға сәйкес, 2016 жылдың соңында бөгеттің құрылысы бітсе, қос ауданның арасындағы алшақтық небәрі 30 шақырым болмақ.

Мақсат Жақсыбаев