Шымкентте ел тәуелсіздігінің 24 жылдығына арналған көркем гимнастика спорт кешені ашылды. Салтанатты іс-шараға өңір басшысы Б.Атамқұлов қатысты, деп жазады облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Аймақ басшысы көркем гимнастика шеберлерін дайындайтын заманауи спорт нысанында жаттығатын спортшылар мен облыс тұрғындарын құттықтап, алдағы уақытта облыстың әр ауданынан осындай спорт кешендері салынады деп уәде берді.
— Облысымызда спортпен тұрақты шұғылданушылар жылдан жылға көбейіп келеді. Олардың қатары қазіргі таңда 608 мыңнан асып жығылды, — деді облыс әкімі. — Биылдың өзінде Арыс, Шымкент, Түркістан қалалары мен Түлкібас, Сайрам аудандарында заман талабына сай спорт нысандары пайдалануға берілді. Осындай спорт кешендері облыстың әр ауданында салынатын болады. Бұл болашақ ұрпақтың денсаулығына, оның дұрыс жетілуіне жасалып жатқан жақсы инвестиция деп ойлаймын. Біздің спорттың дамуына жасап жатқан жағдайымыз қазіргі таңда өз нәтижесін беруде. Оған алдағы жылы өтетін Рио-де Жанейро олимпиадасына спортшыларымыздың 12 жолдаманы жеңіп алғаны айқын дәлел.
Елімізде теңдесі жоқ спорт кешенін «КДСМ» мекемесі салған. Әкімшілік-іскерлік орталығының маңынан бой көтерген нысан 8 блоктан тұрады. Мұнда спорттық арена, екі көрініс алаңы және 700-ден астам көрерменге арналған трибуна бар.
Сонымен қатар 6 жаттығу залы, хореография залы мен венткамера, буфет, медпункт және егу бөлмесі, спортшылардың киім ауыстыру және жуыну бөлмесі қарастырылған. Бір орынды 4 қонақжай бөлме, екі орынды 6 номер, бассейн, 38 адамға арналған екі орынды жатын бөлмесі мен галерея да бар.
Айта кетейік, Оңтүстік Қазақстан облысында көркем гимнастика бойынша облыстық бір, Шымкент қалалық және Кентау қаласында балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істеп тұр. Онда барлығы 23 жаттықтырушы 345 балаға оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізеді.
2015 жылы облыс спортшылары көркем гимнастикадан Қазақстан Республикасының чемпионаттарына қатысып, 8 алтын, 25 күміс, 16 қола медальдерге қол жеткізген.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі