Облыс активі Елбасы жолдауын талқылады

299
Облыс әкімдігі

Өңір басшысы Б.Атамқұлов облыс активімен кездесіп, Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» жолдауындағы міндеттердің жүзеге асуын талқылады. Жиында аймақ басшысы жолдаудың басым бағыттарын атап көрсетіп, өңірлік дамудың болжамды нәтижесін баяндады.

Облыс әкімдігі

— Президент әлемдік дағдарысты еңсеру үшін Қазақстанда қол жетімді мүмкіндіктерді байыпты талдауды ұсынды. Елімізде бүгіннің өзінде стратегиялық бағдарламалар жүзеге асуда, олар өз кезегінде шикізат ресурстарына деген тәуелділіктен арылтады,- деді Бейбіт Бәкірұлы.

Өңір басшысы, сондай-ақ, облыс экономикасының тұрақты өсіп отырғанын тілге тиек етті. Оның айтуынша, қазірдің өзінде облыста бірнеше ірі жоба іске асып келеді. Былтырмен салыстырғанда экономикадағы жалпы өнім көлемі 1,2 пайызға артып отыр.

«Мемлекет басшысы инвестициялық ахуалды жақсарту бағытындағы жұмысты одан әрі жүргізуді тапсырды. Өңірімізде бұл жұмыстарға айрықша көңіл бөлінуде» деп жалғастырды Б.Атамқұлов.

Осы орайда ұлттық компаниялармен 9,8 млрд теңгені құрайтын 529 келісім-шарт түзілді. Нәтижесінде өңірдің негізгі инвестициялық капиталының көлемі 323,3 млрд теңгеге жетіп отыр. Шетелдік капиталдың қатысуымен құны 1,7 АҚШ долларын құрайтын 29 жоба іске асты.

Шетелдік инвесторларды тарту мақсатында оңтүстікқазақстандық кәсіпкерлер Түркия, Оңтүстік Корея елдерінде іс сапармен болды. Мұндай сапарлар алдағы уақытта Ресей, Малайзия, Сингапур, Франция, Германия елдерінде жалғасын таппақ.

Оңтүстік Қазақстан экономикасын дамытудың негізгі басымдықтарының бірі ауыл шаруашылығы саласы болып табылады. Осы бағытта агроөнеркәсіп кешенінде жаңа технологиялар мен инновацияларды ендіруге айрықша назар аударылып отыр.

«Өзіміз өндіретін ауыл шаруашылығы өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында бақша, көкөніс, жеміс-жидек сақтайтын заманауи қоймалар салуымыз қажет. Осы мақсатта Шымкентте ірі сауда-логистикалық орталығын салу жоспарлануда» деді облыс әкімі.

Өңір басшысы атап өткендей, сауда-логистикалық орталығының жалпы көлемі 90 га асады. Кешенде халықаралық стандарттарға сәйкес «А» және «Б» класты ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтайтын заманауи қоймалар салынбақ. Мұндай қоймалар алдағы уақытта Сарыағаш және Мақтаарал аудандарында, Түркістан қаласында салынады деп жоспарлануда.

«Мемлекет басшысы жолдауда жаңа жұмыс орындарын ашу міндетіне ерекше көңіл бөлді. Бұл бағыттағы жұмыстар өңірімізде өз деңгейінде атқарылып келеді. Атап айтқанда, тоғыз ай көлемінде 51 мыңға жуық адам жұмыс орындарымен қамтылып отыр. Оның ішінде 36,4 мың азамат тұрақты жұмыс орындарына орналасты» деп атап өтті өңір басшысы.

«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына сәйкес жыл басынан бері 194 млн теңгені құрайтын 228 жоба мақұлданды. Бұл өз кезегінде 1622 жаңа жұмыс орындарын ашуға септігін тигізді.

Жолдаудың негізгі бағыттары бойынша жиында облыстық мәслихат хатшысы Қ.Ержан, «Қазақстан» РТРК облыстық филиалының директоры У.Қыдыр, облыстық славян этномәдени қоғамдық ұйымының мүшесі А.Шолгина, облыстық кәсіпкерлік мектебінің директоры Б.Дүйсебеков сөз алып, өз ойларын білдірді.