2016 жылы Оңтүстік халқын таза сумен қамту мақсатында 25 жобаны іске асырылады деп күтілуде. Осы мақсатта 6 млрд теңге бағытталып, нәтижесінде 24 нысан іске қосылып, 13 елдімекендегі 160 583 адам таза ауыз сумен қамтылатын болады. Бұл туралы ОҚО аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары Е.Садыр мәлімдеді.
Сондай-ақ, табиғи газбен қамту мақсатында 24 инвестициялық жобаға облыстық бюджеттен 14,2 млрд теңге қарастырылып отыр. Нәтижесінде 21 нысан іске қосылып, бұйыртса, 48 елдімекендегі 80 008 адам көгілдір отынды пайдаланатын болады.
Облыстық мәслихаттың кезекті 44-сессиясында облыстың 3 жылдық бюджеті бекітіліп, келер жылғы облыстық бюджеттің жалпы көлемі 268,9 млрд теңгені құрап отыр.
Сессияда бекітілген облыс бюджетінің нақты қай бағытта жұмсалатынын бұқаралық ақпарат өкілдеріне кеңінен түсіндіріп берген облыс әкімінің орынбасары басты мақсат қаржыны тиімді пайдалану екенін атап өтті.
Оның айтуынша, 2016 жылы білім саласына 27,4 млрд теңге қарастырып, 23 білім беру мекемесі күрделі жөнделіп, 45 білім беру нысаны салынатынын жеткізді. Нәтижесінде 2016 жылдың соңына дейін 36 мектеп пен 6 балабақша іске қосылады деп күтілуде. Оның ішінде 10 апатты, 9 үш ауысымды мектеп бар.
Ал қоғамдық тәртіпті сақтау үшін ішкі істер органдарының шығыстарына — 11,5 млрд теңге, денсаулық сақтау саласына — 31,5 млрд теңге, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне мемлекеттік қолдау және суармалы жерлерді ұлғайту мақсатында — 25,4 млрд теңге, 20 үй құрылысына 4,9 млрд теңге бағытталған.
Халықты электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында 18 нысанның құрылысына 6,7 млрд теңге жоспарланып, нәтижесінде 17 нысан іске қосылады, 67 267 адам электр энергиясымен қамтамасыз етіледі.
Баспасөз мәслихатында облыс әкімінің орынбасары мәдениет саласына — 2 791 млн теңге, спорт саласына — 8 310 млн теңге, халықты әлеуметтік қолдауға — 3 63 млн теңге, жол саласына жалпы 12,2 млрд теңге бағытталса, облыс деңгейінде кәсіпкерлік субьектілерінің қызметін оқу-әдіснамалық және ақпараттық қамтамасыз ету мақсатында 305 млн теңге бөлінгенін айтты.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі