Отырар ауданында жүгері кептіру және сақтау кешені ашылды

915
Жүгері қоймасы

Отырар ауданында жүгері кептіру және сақтау кешені ашылды. «Отырар дән» кәсіпорны жылына 15 мың тонна дақылды кептіріп, сақтауға қауқарлы. Осыған дейін еккен өнімдерін сақтай алмай ысырап болған дихандар үшін бұл өндірістің маңызы зор дейді салаға жауаптылар.

Ашылу салтанаты

Кәсіпорын тың технология негізінде жұмыс істейді. Алдымен жүгері дәні собығынан бөлініп алынып, кептіріледі. Содан кейін қамбаларда сақталады. Кептіретін құрал-жабдықтар Англиядан, сақтау құрылғылары Қытайдан арнайы алдырылыпты. Қазір мұнда екі ауысымда 35 адам жұмыс істеп жатыр. Қамбада бүгіннің өзінде 1,5 мың тонна жүгері сақтаулы тұр.

Жүгері қоймасы

Нұрбек Ниязбеков кешенде зертханашы болып жұмыс істейді. Арнайы аппараттарда жүгерінің ылғалдылығын тексереді. Мәселен, «Вилла-200» деп аталатын қондырғы дақылдың сапасын бір минуттың ішінде анықтап береді. Өнімнің бағасы да оның ылғалдылығына қарай белгіленеді.

Бұл аудандағы индустириалды аймақтан бой көтерген алғашқы кәсіпорын. Таяуда мұнда жүгері кластерін дамыту аясында дақылды терең өңдейтін қос бірдей өндіріс ошағы ашылады. Демек, жүгері шаруашылығымен айналысатын шаруалардың айы оңынан туғалы тұр.

Айта кетейік, ауданның брендіне айналған дақыл биыл 7 мың гектарға егіліп, әр гектарынан 120 центнердің өнімі алынған. Отырар өңірі 2020 жылға дейін алқапты 15 мың гектарға жеткізіп, жүгері кластеріне жол ашпақ.

[youtube]https://youtu.be/mZjKld88-7w[/youtube]