Ділбар Шүкірова
Ділбар Шүкірова
Ділбар Шүкірова
Ділбар Шүкірова

Шымкентте абайсызда жол апатынан 7-ші баласынан айырылып қалған анаға «Алтын алқа» төсбелгісі берілмейтін болды. Еңбекші ауданы әкімдігінің мамандары осындай шешім қабылдаған. Айтуларынша, заңға сәйкес, төсбелгі алу кезінде ананың барлық баласы тірі болуы керек екен. Ал қайғыға батқан ана құжаттарын тапсырғанда перзенттерінің барлығы тірі болғанын, әрі бақилық болған қызын да 10 жасқа дейін бағып-қаққанын неге ескермейді деп налиды.

[youtube]https://youtu.be/W5c8fFOgu88[/youtube]

Ділбар Шүкірова жетінші баласы жасынан асқан соң Еңбекші аудандық әкімдігіне «Алтын алқа» төсбелгісін алуға құжат тапсырады. Арада бір ай өткенде дүкеннен шыққан 10 жасар қызын көлік қағып, мерт қылған. Қайғылы оқиғадан соң әкімдік қызметкерлері көп балалы анаға «Құжаттарыңызды алып кетіңіз, енді «Алтын алқа» жоқ» деп хабарласыпты. Бұл сөздерге сенбестен ол әкімдікке өзі келді. Ондағы мамандар тек заң жүзінде әрекет жасағандарын айтады.

Онсыз да қайғыдан қан жұтып отырған Ділбар Шүкіроваға бұл хабар жығылғанға жұдырық болды. Қазір ол әкімдіктегілер қызымды тізімнен өшірсе де, жүрегімнен өшіре алмаймын деп отыр. Шенеуніктердің әрекетіне ренішін де білдіріп қалды.

Ділбар Шүкірова: «Ол да менің бір балам ғой. Мен оны тудым және он жасқа дейін тәрбиелеп, өсірдім. Перзентімді қалайша балаларымның тізімінен сызып тастай аламын? Баламды қалайша есептемеймін? Күйеуім Сухраб екеуміз заңды ашып қарадық. Онда арыз берген уақытта жеті баланың тірі болуы көрсетілген. Өтініш берген уақытта жетеуі де дін аман еді.»

Десе де қазір көп балалы анаға «Алтын алқаны» алу маңызды емес. Өйткені 2015 жылдың тамыз айында орын алған қайғылы оқиғаға себепкер көлік жүргізушісі әлі күнге жазасын алмаған. 24 жастағы жігіт өз жазасын алса дейді ана.

Себебі оқиға болған кезде жүргізуші де, жанында болған жол сақшысы да, жолаушылар да қызына көмек көрсетпей бой тасалап кеткен. Тіпті қайтыс болған жасөспірімнің ата-аналарына хабарласып, қоқын-лоққы да көрсетіпті. Сондықтан жүрегі қан жылаған ана кінәлінің тиісті жазасын алғанын қалайды. Бүгін кезекті сот отырысы өтті. Бірақ істі қарау кейінге қалдырылды.

Айта кетейік, 10 жасар қызды жолда қағып кеткен жүргізуші бұған дейін де қарақшылық, адам зорлағаны және қару алып жүргені үшін үш рет істі болған екен. Бірақ шартты мерзім алып, жазасын өтеп жүрген. Қалай болғанда да 4 айдан бері қара жамылған ана сегізінші перзентіне жүкті. Алла сәтін салса, босанып, қалай да «Алтын алқа» алатынына сенімді.