25 желтоқсан күні Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі жанындағы «Ырыс алды – ынтымақ» қоғамдық форумының «Бірлігіміз – басымыздағы бағымыз» тақырыбындағы жиыны өтті. Форумның мақсаты – жұртшылықтың бірлігін нығайту, дамыту, ұлтаралық, дінаралық келісім жөніндегі мемлекеттік саясатты жүзеге асыру жөнінде жергілікті атқарушы өкілетті, құқықтық органдар мен азаматтық қоғамның қарым-қатынасының тиімділігін арттыру тетіктерін ойласу.
Форумға аудан әкімдігінің, құқық қорғау, т.б. органдардың жауапты қызметкерлері, аудандық мәслихат депутаттары, ауыл, қала, кент әкімдері, ардагерлер кеңестерінің, зиялы қауым өкілдері, саяси партия филиалдарының, үкіметтік емес және қоғамдық ұйымдардың жетекшілері, этномәдени орталықтардың жетекшілері мен өкілдері, мектептердің, орта арнаулы оқу орындарының директорлары, жастар комитеттерінің төрағалары қатысты.
Форумды жазушы, облыс әкімі жанындағы «Ырыс алды – ынтымақ» қоғамдық форумның атқарушы хатшысы Байғұт Мархабат ашып, жүргізді, деп жазады облыс әкімінің баспасөз қызметі. Бұл кеште облыстық ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы Мамытбеков Алмасбек Кеңесбекұлы, Сарыағаш ауданының әкімі Парманов Бұхарбай Рысқұлұлы баяндамалар жасады.
Сондай-ақ, мәдениет және спорт министрлігінің дін істері комитеті төрағасының орынбасары Абзалбек Ғабит Мұхамеджанұлы, Сарыағаш ауданының прокуроры Асқанбеков Нұрғали Шекербекұлы, Сарыағаш аудандық ардагерлер кеңеснің төрағасы Сүлейменов Мұстафа, Сарыағаш аудандық тәжік этномәдени орталығының төрағасы Шаолиев Нурали Зикриллаұлы, Сарыағаш аудандық жастар орталығының директоры Арзықұлова Айсұлу Батырқызы тақырыпқа байланысты ой-пікірлерін, ұсыныстарын білдірді.
Сонымен қатар жастар өз сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін білдіреді, пікір алысу болды. Соңында форумға қатысушылар қарар қабылдады.