«Сен қоғамға керексің!» Шымкентте осындай атаумен форум өтті. Онда сотталғандарды өмірге бейімдеуге бағытталған кешенді шараларды жүзеге асыру мәселесі талқыланды.
Сала мамандары бұл тұрғыда, ең алдымен, қоғамның бұл санаттағыларға деген көзқарасын өзгерту қажет дейді. Сонда ғана сотталғандардың қоғамның толық мүшесі бола алатынына сенімдері нығая түспек.
Айта кетейік, бүгінде облыс орталығында жазасын өтеп шыққан азаматтармен жұмыс істейтін бейімдеу орталықтары жұмыс істейді. Мекеме олардың медициналық көмектер алуына жол сілтеп, құжаттарын ретке келтірумен айналысады. Сондай-ақ соталғандарды жұмыспен қамтуды жүзеге асырады.
Дегенмен, жазасын өтеп шыққандарды жұмыспен қамту жұмыстары көңіл көншітпейді. Жыл сайын бостандыққа шыққандардың небәрі 5 пайызы ғана екі қолға бір күрек табады. Сала мамандары мұны ұсынылған жұмыстардың жалақысының аздығымен байланыстырып отыр.