Түрік кәсіпкерлері Шымкентке қызығушылық танытуда. Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Түркияның төтенше және өкілетті елшісі Невзат Уянык бастаған делегациямен кездесті. Қос тарап әуелі екі ел арасындағы бауырластық, достастықтың маңыздылығына тоқталып, қалааралық экономикалық, индустриялық-иновациялық әріптестік орнатуға уағдаласты.
— Шымкент — Орта Азия елдерінің ірі қалаларын тұтастыратын алтын көпір. Себебі, шаһарымыздың іргесінен Ұлы Жібек жолының жаңғырған жаңа заманғы үлгісі — Батыс Еуропа — Батыс Қытай халықаралық көлік дәлізі өтіп жатыр, — деді шаһар басшысы Ғабидолла Рахматоллаұлы. — Елбасы әрдайым «Түбіміз бір түркі туыстармыз» дегенді аузынан тастаған емес. Біздің кездесуіміздің мақсаты — осы бауырластық негізінде түркиялық ірі кәсіпорындарды қаламызға инвестор ретінде тарту. Шымкент қаласының 2020 жылдарға арналған даму тұжырымдамасындағы болашағы кемел сәулет жобаларына, атап айтар болсақ, «Shymkent City» заманауи тұрғын және іскерлік орталығы, халықаралық деңгейдегі «Аквапарк» жобасын іске асыруға түрік компанияларының қызығушылығын арттыру болып табылады.
Өз кезегінде Невзат Уянык мырза Шымкент қаласының ауа райының жанға жайлы, қала халқының көп, шаһар аумағының кең екенін айта келе инвесторлардың қаржы салуға таптырмас өңір деп мақтады. Кездесу соңында түркиялық қонақтар шаһардағы жаңадан салынатын инфрақұрылымдарға, сәулеттік нысандарға түрік бизнес компанияларын тартуға ықпал ететіндерін жеткізді.
Шымкент әкімдігінің баспасөз қызметі