Өрт сөндіру депосы

Шымкент қаласындағы Достық шағын ауданында өрт сөндіру депосы ашылды. Салтанатты шараға вице-министр В.Божко мен облыс әкімі Б.Атамқұлов қатысты.

Алдымен сөз алған облыс басшысы өңіріміздегі тұрғындар санының уақыт санап көбеюіне байланысты азаматтардың қауіпсіздігі, сондай-ақ, төтенше жағдайларды ескерту мен оны жоюды қолға алу басты мәселелер екенін айтты.

Біздің облысқа 118 өрт сөндіру депосы қажет болса, оның 47-сі қалада орналасқан. Осыны ескерген облыс әкімі төтенше жағдайлар департаментін материалдық-техникалық базаны нығайтуға, жаңа өрт сөндіру депосының қүрылысына қаржы қарастыру қажеттігін айтты. Осыған байланысты бүгінде Қазақстанның бюджеттік кодексіне министрліктер мен ведомстволардан толықтырулар жөнінде сауалдар жасалуда.

– Сыйымдылығы алты автокөлікке арналған жаңа өрт сөндіру бөлімінің құрылуы қосымша жұмыс орындарын ашуға жол ашады, – деді өз сөзінде В.Божко. – Яғни тұрғындарды жұмыспен қамту жөніндегі стратегияның жүзеге асуына ықпал етеді. Өрт сөндіру депосының іске қосылуы осындағы тиісті бөлімшелердің төтенше жағдайда жедел әрі ұйымдасқан түрде ауыздықтауына мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде материалдық шығындар мен адам өлімінің мейлінше аз болуына ықпал етпек.

Аймақ басшысы өрт қауіпсіздігі жүйесінің тұрақты жұмыс жасауына облыс әкімдігі тарапынан барлық жағдай жасалатынын сендірді. Айта кету керек, бұл – Оңтүстік Қазақстан облысының аумағында соңғы 30 жыл ішінде бұл салынған бірінші депо болып отыр.

Төрт қабатты өрт сөндіру депосының ғимараты заманауи талаптарға сай құрал-жабдықтармен, тұрмыстық техникалармен, тұрғын жай бөлмелерімен қамтамасыз етілген. Нысанның аумағында оқу ғимараты, кәсіби біліктіліктерін шыңдауға арналған спорт алаңы да бар. Жаңа өрт сөндіру бөлімі Достық шағынауданын және 58 500 халқы бар жақын орналасқан елдімекендерді өрттен қорғауда қамтамасыз етеді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі