Қоғамдық көлік жолаушылары

2016 жылы шымкенттік жолаушылар қоғамдық көліктерде жол ақысын қолма-қол емес, электронды карточка арқылы есеп айырысады. Бүгінде қалалық әкімдіктің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі осы жобаны іске асыру жолдарын қарастырып жатыр. Қоғамдық көліктерде электронды карточка жүйесін енгізу ұсынысын инвесторлар жүзеге асырмақ.

Қоғамдық көлік жолаушылары

Қоғамдық көліктерде электронды карточка жүйесін енгізу ұсынысын Оңтүстік Кореяның «Смарт карт» компаниясы ұсынып отыр. Сала мамандарының мәлімдеуінше, шетелдік инвесторлардың өкілдері шаһарға 2016 жылдың басында келіп, зерделеу жұмыстарын жүргізбек. Ал қазіргі уақытта электронды жүйенің үш түрі қарастырылып жатыр.

Естеріңізге салайық, еліміздің ең үлкен қаласы Алматыда жол ақысын төлеу осы жүйемен жүзеге асады. Алайда жолаушылар көптеген қиындықтарға тап болғанын жасырмайды. Ал шымкенттіктердің бірі бұл жаңалықты құптаса, енді бірі үзілді-кесілді қарсы.

Жоба жасаушылардың айтуынша, Шымкентте Алматыдағыдай қиындық бола қоймайды. Себебі ол жақтағы жүйе коммуналдық меншікте жүзеге асқан. Ал Шымкенте іске асқалы отырған электронды карточкалар инвестордың есебінен жасалады.

Енді жаңа бастаманың тиімділігін уақыт көрсетеді. Жүйе толығымен іске асқан жағдайда, 1000-ға жуық кондуктор жұмыссыз қалуы да әбден мүмкін.

Нұрлан Жаңабай