Сот бұрынғы полицейдің талабын қанағаттандырмады

352
Сәкен Құрамысов

Экс-капитанның талабы қанағаттандырусыз қалдырылды. Домалақ арыздың соңынан дүрбеленге салынған іске Әл Фараби аудандық соты нүкте қойды. Алғашқы сатылы сотта Құрамысов пен оның қорғаушысы жұмыстан заңсыз қуылғанын дәлелдемек болған.

Сәкен Құрамысов

Бұл сот отырысын Құрамысов тағатсыздана күтті. Бұрынғы қызметіне қайта ораламын деген үміті басым. Экс-полицей айлар бойы өзінің кінәсіздігін дәлелдеумен болды. Сот залында өзі де, туыстары да қобалжып отыр. Бір отбасын асырап отырған азаматтың бір күнде жұмыссыз қалуы жақындарын абыржытып тастаған.

Бұрынғы сақшыны бұйрықпен жұмыстан шығарған генерал-майор Асқар Оспановтың сенімді өкілі интернетке пара жиналатын арыздың шығуына Құрамысов себеп болған дегенінен қайтпады. Осылайша қоғамда ішкі істер органдарына деген жағымсыз көзқарас тудырғаны үшін Құрамысов жұмыстан босатылды деп отыр.

Прокурор да талапкердің арызын қанағаттандырусыз қалдыруды сұранды. Барлық тарапты мұқият тыңдаған сот та осындай шешім шығарды.

Азаматтық іске осылайша нүкте қойылды. Бірақ, соттың шешімімен келіспейтіндер де бар. Бұрынғы полиция қызметкері бұдан кейінгі сатылы сотқа шағымдана алады. Керек болса жоғарғы сотқа дейін барамын дейді Құрамысов. Ішкі істер органында 10 жылдан бері қызмет атқарған бұрынғы полицей өзімнің жұмыстан заңсыз босатылғанымды қалай да дәлелдеймін деп бекініп отыр.

[youtube]https://youtu.be/-TvsarvM6xs[/youtube]

Ернар Балабеков