Тұрғындар: «Бадамда орман қалмай барады»

643
Бадам орманы

Оңтүстік Қазақстандағы орман шаруашылығында тал қалмай барады. Бадамда жыңғыл ағашының үштен бірі оталып, таусылуға шақ тұр. Тоғайдың жанында тұратын жұрт ағашты күндіз-түні шауып, көліктерімен тасымалдап жатқан браконьерлерде не орманшылардың, не учаскелік полицейлердің шаруасы жоқ дейді. Ал қой деуге де жарамай жүрген шенеуніктер демалыс күндерін шаруашылық ішінде аң-құс аулауды әдет қылыпты.

Бадам орманы

Арыс өзенінің бойындағы жыңғыл биылғы жылу маусымы басталғалы аяусыз оталып жатыр. Күндіз келіп отын шабатындар түнде бірнеше көлікке тиеп, жайбарақат алып шығады екен. Қазан айынан бері отап жатқандар тәулігіне он шақты арбамен отын шығаруға дейін жетіпті.

Шулап жатқан жұрт орман шаруашылығы жанында іргелес жатқан бірнеше ауылдың тұрғындары. Жанайқайды тыңдайтын бір кісі жоқ деп шырылдайды.

Бадам орман шаруашылығы қазір қоқыс полигонына көбірек ұқсайды. Мұнда тұрмыстық қалдықтар жыңғыл арасында да, жолда да тау болып үйіліп жатыр. Тұрғындар мұнда демалмақ түгілі қазір тыныстауға да қорқатын болған.

Осы қорықта 5 жыл орманшы болған Бағдат Дауылбек жуырда жұмысынан қуылыпты. Басшыларына өкпелі азамат орман шаруашылығындағы былықты жайып салды. Тоғайға бөлінген қаржы жолда жоқ болады деген ол өзі істеген уақытта ағаштар бір рет те дәріленбеген дейді. Есесіне облыстың дөкейлері мұнда демалыс сайын сайран салады екен.

Бағдат Дауылбек, бұрынғы орманшы: «Кешке жақын тоғайға кіре алмайсыз. Әсіресе сенбі-жексенбі күндері. Өңшең жоғарыдан дәулер келеді. Лауазымды қызметтегілер атады, джиппен аралап жүр. Бұл жерде негізінен қырғауыл мен қоян.»

Ал орман шаруашылығының басшылары жұмысымызды мүлтіксіз атқарып отырмыз деп ақталады. Өздері жыл басынан бері бірде-бір заңсыз отыншыны ұстамапты.

Ерлан Тұрғанов, Бадам орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары: «Мүлдем ұсталғандар жоқ па? — Бар, мал жаю бойынша, қоқыс тастау фактісі бойынша анықталған.»

Сала басшылары енді жұрт айтқан жәйттерге байланысты тексеруді күшейтеміз дейді. Алайда, қорық жанындағы халық жергілікті шенеуніктердің тексеруінен нәтиже боларына сенбейді.

Бек Әбиев, КТК