Түркістан қаласында жас жігіт өзіне өзі өрт қойды. Қазір полицейлер өзін-өзі өртеу фактісі бойынша қылмысты іс қозғады.
Облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, 7 желтоқсанда сағат 23:00 шамасында Түркістан ҚІІБ-на аудандық ауруханадан хабарлама келіп түсті. Дәрігерлер 20 жасар азаматты өрт шалып, ауруханаға жеткізілгенін айтқан.
Оқиға орнына шұғыл тергеу тобы барып, тексеру жүргізді. Соның нәтижесінде зардап шегуші 1995 жылғы Түркістан қаласының тұрғыны екенін анықтады. Қалалық оқу орнының бірінде оқитын 20 жастағы жігіт өзін өзі өртеп, соның салдарынан денесінің 90% күйік шалған.
20 жастағы жігіт қазір ауыр халде аурухананың жан сақтау бөлімінде жатыр. Түс ауа жедел жәрдеммен өз үйінен жеткізілген тұрғынның төсекке танылғанына осымен екінші тәулік дейді дәрігерлер.
Ақ халаттылар науқастың өміріне қауіп төніп тұрғанын жасырмайды. Сондықтан сәт сайын жіті қарап, бақылауды күшейткен. Жан сақтау бөлімінің алдында күйік шалған жігіттің жақындары да жиналып қалған. Бірақ олар қандай бір түсінік беруден бас тартып, тіпті, түсіру тобына қарсылық танытты.
Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексеру бірыңғай тізіліміне тіркеліп, қылмысты кодекстің 105-бабының 1-бөлігі (Өз-өзіне қол жұмсау) бойынша іс қозғалды. Адамды өз-өзіне қол жұмсайтын жағдайға жеткізу дерегі бойынша барша туыстары мен дос-жарандары сұралып жатыр.
Тіпті, күйік шалған жігітпен университетте бірге оқитын курстастарынан да жауап алынуда. Бірақ отбасында да, жолдас-жұратымен де тату-тәтті тұрған жігітті бұндай жағдайға не итермелегенін полицейлер де түсінбей дал.
Күйік шалған науқаспен бір топта оқитын құрдастары да бұл жағдайды естіп, аң-таң. Жаны жайсаң жігіттің үнемі көңілі сергек жүретін. Жуырда ғана отбасын құрған онда ешқандай түйткіл жоқ-тын дейді жақын досы.
Жәбірленушінің әкесі тәртіп сақшыларына түсінік берді. Оның айтуынша, кешке қарай үйдің ауласынан иттің үргенін есітіп, сыртқа шыққан. Қараса, баласы өртеніп жатыр. Дереу өртті сөндіріп, ауруханаға жеткізеді.
45 жастағы азамат соңғы уақытта отбасындағы жағдай бірқалыпты болғанын айтып отыр. Ұлының туыстарымен де, араласар ортасында да өзіне-өзі қол жұмсауға итермелейтіндей ешқандай келіспеушілікті байқамағанын айтады.
Қазір полицейлер істің мән-жайын анықтап, сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын жүргізуде.
[youtube]https://youtu.be/kc1KZiXskkE[/youtube]