Оңтүстік Қазақстанда ел тәуелсіздігіне күніне арналған «Тұғырлы бол, Тәуелсіздік!» атты салтанатты жиын өтті. Мерекелік шараға өңірдегі зиялы қауым өкілдері мен мемлекеттік қызметкерлер, барлық саланың мамандары, еңбек азаматтары мен қала тұрғындары қатысты.
Тәуелсіздік тойына қатысқан өңір басшысы Б.Атамқұлов оңтүстікқазақстандықтарды еліміздің егемендік алған күнімен құттықтап, азат еліміздің ертеңіне үлкен үмітпен қарайтынын жеткізді.
— Бүгін біз ең ұлы мейрамымыз – Тәуелсіздік күнін атап өтуге жиналып отырмыз, — деді облыс әкімі. — Бұл күн – біздің елдің алдында керемет мүмкіндіктер ашқан, болашағымызға үміт сәулесін түсірген киелі күн! Тәуелсіз ел ғана өзінің келешегін сомдай алады. Тәуелсіз ел ғана ешкімге жалтақтамай өзінің ішкі және сыртқы саясатын жүргізе алады. Мұндай мүмкіндікті кеше ғана орталығы Түркістан болған, кеше ғана осы жерде талай заманды басынан кешірген асыл бабаларымыз аңсап өтті. Осы арманның орындалуы қазіргі дәуірге куә біздердің бағымызға бұйырыпты. Бұл деген үлкен бақыт, ағайын!
Әлемдік дағдарыс жағдайына қарамай еліміздің түрлі салалар бойынша жетістіктерге жетіп жатқанын айтқан Б.Атамқұлов мемлекет басшысының сарабдал саясатының нәтижесінде Қазақстан халқының өмір сүру сапасы жақсарып келе жатқанын атап өтті.
— Алдымызда білім мен жаңа технологияларға негізделген инновациялық экономика құру мақсаты тұр. Бұл мемлекетіміздің әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіруіне мүмкіндік береді, — деп атап өтті Бейбіт Бәкірұлы. — Бүгінде бұл жұмыстар Оңтүстік Қазақстан облысында да жүзеге асырылуда. Республикамыздың қарыштап дамуына біздің өңіріміздің қосар үлесі зор және оған облыстың барлық салаларда да әлеуеті жетеді. Ендігі басты міндеттердің бірі өңірімізді инвестиция тарту үшін қолайлы аймаққа айналдыру. Әлемдік дағдарыс жағдайында біз жаңа мүмкіндіктер қарастырып, өңірдегі жеңіл өнеркәсіп пен агроөнеркәсіп кешенін, көлік-логистика инфрақұрылымын, индустриалды аймақтарды дамыту, сондай-ақ, шағын және орта кәсіпті қолдауға күш салуымыз керек.
Сонымен қатар салтанатты шарада облысымыздың барлық салалар бойынша оң көрсеткіштері айтылды. Атап айтқанда, 3,8 пайызға артқан өңірдегі өнеркәсіп өнімінің көлемі 523 млрд теңгені құрап, республикада бесінші орынды алдық. Екінші бес жылдықта индустриаландыру картасына жалпы құны 868,8 млрд теңгені құрайтын 115 жоба енді.
Аймақтағы экономиканың басты секторы ретінде ауыл шаруашылығы саласындағы өнім көлемі 1,9 пайызға өсіп, жалпы құны 300,4 млрд теңгені құрады. Бірқатар жобаларға инвестиция тартылып, жалпы сомасы 9,8 млрд теңге болатын 529 келісім меморандумы түзілді. Бұдан бөлек негізгі капиталдың инвестиция көлемі 323,3 млрд теңгені құрады.
Сонымен қатар 205,9 млрд теңге шағын және орта кәсіпті дамытуға бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 44 млрд теңгеге көбейіп, жалпы көрсеткіш 63,7 пайызды құрап отыр.
Мерекелік жиында Қазақстан Президентінің жарлығына сәйкес мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін Оңтүстік Қазақстан облысының 70 азаматы Қазақстанның мемлекеттік наградаларымен марапатталды.
Бұдан кейін облысымыздың өнер майталмандары «Елім менің» сазды-хореографиялық композициясы мен «Ата-баба арманы» театрландырылған-пластикалық композициясын қойып, мерекелік шара патриоттық ән-күйлермен жалғасын тапты. Тәуелсіздік мерекесін тойлау жұмыстарына 500-ден астам өнер майталмандары жұмылдырылды.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі