«Ал сен жемқорлықсыз қоғам үшін дауыс беруге дайынсың ба?» Ххалыққа қызмет көрсету орталығында осындай акция жүріп жатыр. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті ұйымдастырған шара аясында мекеме қызметкерлері сауалнама-анкета толтырып, оларға түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Зейнеткер Ануар Арынов халыққа қызмет көрсету орталығына жер телімін алу үшін кезекке тұруға келіпті. «Құжаттық операциялардың орталықтандырылуы сан-саққа жүгіртпейді. Ең бастысы, уақыт үнемділігі мен тамыр-таныссыз-ақ тірлікті тындыруға болады» дейді ол.
Халыққа қызмет көрсету орталығы 300-ге жуық қызмет көрсетеді. Ондағы ашықтық пен жариялылықты сақтау мақсатында қызметкерлердің сыбайластыққа бой бермеуі үшін алдын алу шаралары жүргізіліп отырады.
Орталық қызметкерлеріне сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша арнайы бейнеролик таныстырылды. Одан соң заң алдындағы жауапкершіліктері түсіндірілді. Айта кету керек, аталған мекемеде соңғы екі жыл көлемінде сыбайлас жемқорлық әрекеті тіркелмепті.
Асқар Сәтпаев