Шымкенттегі хайуанаттар бағы қысқы маусымға көшкелі 1,5 айдың жүзі болды. Ондағы аң-құстардың ұяшығына дербес жылыту қазандығынан жылу беріледі. «Қызыл» кітапқа енген жануарлардың жатын орындарындағы ауа температурасы да бір қалыпты.
Зообақтағы аңдардың барлығы ішкі торды мекендеп жатыр. Ең бірінші болып Астана есімді керік пен зообақ маймылдары алғашқылардың бірі болып ішкі торға кіргізілді. Себебі ыстыққа құмар жануарларға +5 гадустың өзі салқындық қылады. Сондықтан мұндағы температура +23 градустан түспеуі тиіс. Сондай-ақ, жануарларға қосымша дәрумендер беріліп, хайуанаттардың қысқы тамақтану мәзірі байытылып жатыр.
Ал хайуанаттар бағының сырттағы торында түйе, арқар, пржевальский жылқылары қалады. Еуропалық кербұғы мен маралға да қыстың суығы әсер етпейді. Қара суыққа төтеп беретін жануарлар үшін қысқы жем-шөп те әзірленіп қойған.
Айта кетейік, бүгінде Шымкент зообағында 2000 аң-құс бар. Оның 300-і қанаттылар болса, 43-і «Қызыл» кітапқа енген.
Дана Тұрғынова