Таяу жылдары қазақстандық тракторлар отандық шаруалар үшін барынша ыңғайластырылған үлгіде құрастырылмақ. Еліміздегі алғашқы және әзірге жалғыз «Казкиоти» зауыты техникаға тың өзгерістер енгізуді көздеп отыр. Ордабасы ауданына қарасты Бадам елдімекеніндегі алып кәсіпорын тракторға қажетті құралдарды да қоса әзірлемек.
Бұл зауыт 2015 жылдың жазында есігін айқара ашып, алты алашқа әйгілі болған. Елбасының өзі алып кәсіпорынды телекөпір арқылы іске қосқан болатын. Үш түрлі трактор құрастыратын зауыт 60-100 аттың күші бар техникаларды әзірлейді.
Оңтүстік Корея компаниясымен бірлесіп шығаратын көлікте механизаторға керектінің бәрі бар. Тіпті, салқындатқыш пен тоңазытқыш та қарастырылған. Бұл шаруаның еңбек өнімділігін еселейді деп ел-жұрт қуанды.
Таяуда тілшілеріміз зауытқа арнайы ат басын бұрды. Сөйтсек, алып кәсіпорында күзетшілерден басқа ешкім жоқ. Ал жауаптылар мұны бір ауысымдық жұмыс тәртібіне көшкенімен түсіндірді. Онда қазір 60 адам еңбек етіп жатыр екен. Мамандардың айтуынша, мұндағы өндіріс өшеді емес, керісінше, өседі деп қорытты. Өйткені таяу жылдары шығарылатын техникаларға тың өзгерістер енгізіліп, шаруаны шаршатпайтын, диқандар үшін барынша ыңғайластырылған нұсқасын әзірлейміз деп отыр.
[youtube]https://youtu.be/_XPkyICub78[/youtube]
Енді зауыт өкілдері техниканың тек шанағы мен қозғалтқышын ғана шетелден алдырамыз деп отыр. Ал қалған қосалқы және негізгі бөлшектерін өзімізде өндіруге мүмкіндік мол дейді. Ол үшін Қытай мен Түркиядан 5 млн АҚШ долларына жабдықтарды сатып алуға келісім жасалып жатыр екен.
Егер бұл іс жүзеге асса, шалғайдағы шетелдіктерге қол жаймай, тіпті, трактордың бағасын арзантауға мүмкіндік туады дейді кәсіпорын өкілдері.
Мақсат Жақсыбаев