Қала әкімі полицейлерге қылмыстың алдын алуды тапсырды

229
Қала әкімдігі

Шымкент қаласы әкімдігінде шаһар басшысы Ғабидолла Әбдірахымовтың төрағалығымен қаланың 2015 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы және 2016 жылдың негізгі міндеттері туралы әкімдік жиыны өтті. Онда қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Рахымберді Мулкеманов шаһардың 2015 жылға арналған бюджетінің атқарылу қорытындысы туралы баяндама жасады.

Қала әкімдігі

Сала басшысының мәліметіне сүйенсек, 2015 жылы қаланың жалпы әлеуметтік-экономикалық дамуын сипаттайтын негізгі көрсеткіштерде өсім бар. Атап өтетін болсақ, халық саны 884,1 мың адамды құрап, 2014 жылмен салыстырғанда 24,7 пайызға, ал өнеркәсіп өнімінің көлемі 289,1 млрд теңгені құрап, 3,7 пайызға артқан. Негізгі капиталға салған инвестиция 180,4 млрд теңгені құрап, 1,7 пайызға, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 16,5 млрд теңгені құрап, 9 пайызға өскені байқалады.

Шаһар аумағында пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 217,4 мың шаршы метрді құрап, 3,8 пайызға, құрылыс жұмыстарының көлемі 74,7 млрд теңгені құрап, 0,6 пайызға өскен.

Алайда 2015 жылы бөлшек сауда көлемі 248,5 млрд теңгені құрап, нақты көлем индексі 9 пайызға төмендеген. Сонымен қатар қалада қылмыс саны 28,7 пайызға өскен, деп жазады қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

Осы мәселе бойынша қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қалалық ішкі істер басқармасына тапсырма беріп, шаһардағы түрлі қылмыстық себептерден болатын өлім-жітім санын азайтуға, заң талаптарына сай түнгі белгіленген уақыттарда алкаголді ішімдік сатпауға тиісті шара қолдануға тапсырма берді.