Ұйымдасқан қылмыстық топқа жол жоқ. Шымкентте мамандандырылған қылмыстық сотта ірі қылмыстық іс қарала бастады. Айыпталушының орындығына қылмыстық топтың мүшесі жайғасқан.
Қылмыстық топтан зәбір көрген жәбірленуші ішкі істер департаментіне арызданады. Сайрам ауданының тұрғынын бір топ адам тапаншамен қорқытып, ауыл сыртына апарып, оқ атып, інісінің қарызын сен бересін деп талап еткен. Қорқытып алу фактісімен іс қозғалған соң арнайы жасақ сарбаздары топтың мүшелерін қолға түсірді. Сот залында тұрған жігіт — солардың бірі. Ол бұған дейін сотты болған.
Ұйымдасқан қылмықа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері ұстау кезінде күдіктілердің екеуінен қару тәркіленген. Тағы бірінің үйінен шолақ мылтық және есірткі заты алынды. Сот залында қамауда тұрған жігітке прокурор бірнеше бап бойынша айып тақты.
Айтып отырған қылмыстық топ қарызы бар адамның туысынан ақша бопсалаған. Оның мініп жүрген көлігін кепілге алып қойған. Шамамен 4000 000 теңгені берген соң автокөлікті қайтаратындарын айтып кеткен.
Уайымға кеткен жәбірленуші қомақты ақшаны тауып бере алмайтынын білген соң полицияға арызданады. Бұл — осы қылмыстық топтың бір ғана мүшесіне қатысты қаралып жатқан іс. Айта кету керек, бұл — алғашқы сот отырысы.
Ернар Балабеков