1,5 миллион теңгенің малын ұрлағандар ұсталды

168
Мал ұрылары

Оңтүстік Қазақстан облысының полицейлері ірі қара малды ұрлаған деген күдікпен 2 азаматты ұстады. 2015 жылдың желтоқсан айының соңында Мақтаарал аудандық ішкі істер бөлімінің кезекшісіне жергілікті 3 тұрғын арызданып келді.

Олар үшеуінің жайылымда жүрген 18 сиырын белгісіз біреулер ұрлап кеткенін айтқан. Полиция қызметкерлері дереу күдіктілерді іздеуге кіріседі.

Соның нәтижесінде сол күні-ақ күдіктілер ұсталды. 50 және 53 жастағы жергілікті тұрғындар Шымкенттегі мал базарында қолға түскен. Олардың бірі бұған дейін де мал ұрлығы үшін сотты болған екен. Күдіктілер өз кінәларын толығымен мойындады.

Мал ұрылары

Тергеу барысында анықталғаны, күдіктілер қараусыз жайылып жүрген 18 ірі қараны ұрлап, түн ішінде Шымкентке тартып отырған. Осындағы ірі мал базарында сатып тұрған жерінен қолдарына кісен салынды.

Қазір күдіктілердің 3 мал ұрлығына қатысы бар екені анықталды. Жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын көлемі 1 млн 600 мың теңгеге жетіп отыр.

Тергеушілер қылмысты кодекстің 188-бабымен (ұрлық) іс қозғады. Айғақ заттар тәркіленіп алынып, мал заңды иелеріне қайтарылған. Күдіктілер қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.