2015 жылы Оңтүстікте 58 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылды

341
"Жұмыспен қамту 2020 жол картасы" бағдарламасы

Оңтүстік Қазақстан облысында 2015 жылы 58 мыңға жуық азамат әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылған. Негізі, халықты жұмыспен қамтамасыз ету жөніндегі 2015 жылға арналған кешенді жоспарына сәйкес, «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында 40,7 мың адамды әлеуметтік қолдау шараларымен қамту көзделген.

"Жұмыспен қамту 2020 жол картасы" бағдарламасыАл жылдың қорытындысы бойынша әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылған азаматтар саны 57,8 мыңға жуықтады, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Нақты айтқанда әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылған азаматтардың 31,1 мыңы өздігінен жұмыспен қамтылса, 26,8 мың адам — жұмыссыздар қатарынан, оның ішінде 4,3 мыңы — аз қамтамасыз етілген азаматтар.

Бағдарлама үш бағыт бойынша жүзеге асырылған.

Бірінші бағыт —  «Инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту есебінен жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету» жұмыстары бойынша 29 нысан күрделі және ағымдағы жөндеуден өтіп, бұл жұмыстарға жұмыспен қамту орталықтары арқылы 418 адам жолданған.

Екінші бағыт — «Ауылда кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыс орындарын құру және тірек ауылдарды дамыту» жұмыстары аясында 872 азаматқа 2,3 млрд теңгеге шағын несие беріліп, нәтижесінде несиеленген азаматтар есебінен қосымша 1021 жаңа жұмыс орындары ашылған. Кәсіпкерлік негізінде 108 адам оқып, сертификат алды.

Үшінші бағыт —  «Жұмыс берушінің қажеттілігі шеңберінде оқыту және қоныс аудару арқылы жұмысқа орналасуға жәрдемдесу» бағыты шеңберінде 41 391 қатысушыға жұмысқа орналасуына жәрдем берілсе, 178 адам қайта даярлаудан өтіп, тұрақты жұмыспен қамтылған.

Әлеуметтік жұмыс орындарына 1645 қатысушы жолданған, ал  жастар практикасын ұйымдастыру шеңберінде 1773 жас маман тұрақты жұмыспен қамтылған. Ақылы қоғамдық жұмыстарға 10 436 азамат жолданды.