Біріккен Араб Әмірлігінен келген кәсіпкер Әл-Байдани Мохаммед Салех Хасан Бәйдібек ауданының орталығы Шаян елдімекенін көркейту жұмысын қолдауды жоспарлап отыр. Инвестор осы мақсатта өз қаржысын құямын дейді.
ОҚО әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, шетел кәсіпкері 1 млн 700 мың АҚШ доллары көлемінде қаржы құюға аудандық әкімдікпен келісімге келді.
Бәйдібекке жасаған сапарында аудан әкімі Б.Көшербай мен Әл-Байдани Мохаммед Салех Хасан мырза Шаян ауылындағы спорт және мәдени демалыс нысандарының құрылысымен танысып, меморандум негізінде бірқатар инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға уағдаласты.
Қос тараптың келісімі аясында аудандағы орталық саябақ пен орталық стадионды қайта құру, волейбол, баскетбол, гимнастика және шағын футболға арналған ойын алаңдарын орнату және жабық бассейн құрылысы жобаларын іске асыру көзделуде.
Араб инвесторы қаржыландырған Ақбастау ауылдық округіндегі құс өсіру орталығына бүгінгі күнге дейін 3 млрд 500 млн теңге шетел инвестициясы тартылып, онда қазіргі таңда 120 адам жұмыспен қамтылған. 2016-2017 жылдары жобаның үшінші кезеңі жүзеге асырылып, тағы да 7 млрд теңге шетел инвестициясын тарту жоспарлануда.
Аудан әкімдігі мен құс өсіру орталығының басшылығы арасында жасалған келісім бойынша жобаны жүзеге асыру нәтижесінде жаңадан ашылатын 400-ге жуық жұмыс орындарының 80 пайызына аудан тұрғындары орналасатын болады. Сонымен қатар аталған құс орталығы аудандық мемлекеттік кірістер басқармасына салық төлеуші ретінде тіркелді.