Оңтүстік Қазақстан облысының Бәйдібек ауданында ет өңдеу зауыты салынады. Дубайдың «AMK METAL FZCO» металлургиялық компаниясы осылайша агроөнеркәсіптік кешен саласында ең ірі жобаны жүзеге асырмақ.
Жобаның жалпы құны 30 млн АҚШ долларын құрайды, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі. Дубайлық инвесторлар 20 мың бас ірі қараға арналған бордақылау алаңы мен жылдық қуаттылығы 5 мың тонна болатын ет өңдеу зауытын салуды жоспарлап отыр.
Бүгінде жобаны жүзеге асырудың шарттары мен егжей-тегжейі Оңтүстік Қазақстан облысының жетекшілігі деңгейінде талқыланып, Бәйдібек ауданынан 17 мың жайылым және 2 мың гектар суармалы жер, ал зауыт салу үшін аудандағы индустриалды аймақтан 5 гектар жер телімі бөлінуде.
Жобаның ерекшелігі — мұнда өндірілген ет «Халал» стандартына сәйкестендіріліп, оның басым бөлігі мұсылман елдеріне экспортталмақ. Бұл ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына, оның ішінде қарапайым шаруаларға өз өнімін тұрақты түрде қымбат бағада экспорттауға мүмкіндік береді дейді жауаптылар.
Айта өтейік, Біріккен Араб Әмірлігінде тіркелген «AMK METAL FZCO» компаниясы — 20 жылдан бері «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-мен тығыз байланыста жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорын. Аталмыш компания Теміртау металлургия компаниясынан жыл сайын жалпы сомасы 400 млн АҚШ долларын құрайтын өнім сатып алады.