Театр тұрғындарды мейірімділікке шақырды. Облыстық әзіл-сықақ және сатира театры көрермендері үшін қаламгер Рахымжан Отарбаевтың «Аяулым Анфиса» атты қойылымын ұсынды. Өнер ұжымының барша әртісі жұмылдырылған туындыда Кеңес одағының дәуірі мен ондағы тұрғындардың сезімнің жетегіне еруі көрініс тапқан. Көпшілік cолақай саясаттың сергелдеңін де осы спекакльден көре алды.
Едірей Матович — таныс есім, бізге емес, сонау Кеңес одағы қоғамына қолынан балы тамған шебер ретінде. Шебер болғанда, жылыту қазандықтарын соғады. Сөйтіп, көптің алғысын арқалайды, нәпақасын табады. Нәпақы дейміз-ау, тапқан табысына ащы су алып, маскүнемдікке салынған. Қилы тағдырдың бұл кейіпкерін сомдау театрда 5 жылдық тәжірибесі бар әртіс Нұрхат Зеренбаевқа жүктелді.
Оқиға желісі бойынша орыс ұлтының өкілі Едірей 4 рет отбасын құрады. Соңы сәтсіз некемен аяқталады. Осылайша қойылымда бір ғана кейіпкер арқылы Кеңес одағы дәуірі мен ондағы адамдардың аңғалдығы, жомарттығы көрініс тапқан.
Мараз Оразмет, облыстық әзіл-сықақ және сатира театры директорының орынбасары: «Қойылымды автор Рахымжан Отарбаев «Әбутәліп әпенді» деп атаған. Оны біздің режиссерлар қарап, саралай келе «Аяулым Анфиса» деп өзгертті, заманау әзілдерді де қосты. Мойындау керек, біздің театр әу баста «Шаншар» театрынан бастау алды ғой. Ондағы әртістер сахнада тек микрофон арқылы сөйлеп үлгерген, сондықтан бүгінде ұжымның дыбыс қою мәнері дұрысталды. Дауыстарын, әзілдерін енді көрермендер залының соңғы қатарында отырғандар да еркін ести алады. Біздің бір ерекшелігіміз де осы болып отыр қазір».
Қаламгер Рахымжан Отарбаевтың «Аяулым Анфиса» атты комедиясын тамашалауға келгендер де көп болды. Арасында жастардың қарасы қалың.
Махат Ержан, көрермен: «Көріністі тамашалап отырып, көз алдыма сонау Кеңес одағы елестеді. Сол кездегі адамдардың болмысын айнытпай салған әртістерге тәнтімін. Шығармашалық табыс тілеймін».
Нұржамал Смайыл, көрермен: «Оқиға өмірден алынған ғой. Бірақ мен мұндағы ішімдікке салыну мен көп әйел алу дегенді мүлдем қолдамаймын».
Айта өтейік, «Аяулым Анфиса» спектакліне ұжымның барлық әртісі жұмылдырылып отыр. Және театрдың қорына енді ғана енген қойылым алдағы аптаның бейсенбі-жұма күндері көпшілік назарына қайта ұсынылмақ.