Сатира театры сахналаған қойылымның орны ерек

877

Әзіл-сықақ театрының сахнасында драма. Облыстық әзіл-сықақ және сатира театры биылғы маусымын ерекше мәнермен аяқтады. Өнер ұжымы кезекті 10-шы маусымды Мұхтар Әуезовтың «Айман-Шолпан» драмасымен қорытындылады.

Бұл әдепкі жұрт көріп-білген Айман-Шолпаннан өзгеше. Аталған қойылымды бұған дейін драма театрларының сахналауында көріп келген көрермен бұл жолы комедия әртістерінің ойнауында тамашалады. Мұнда ерекше бағыт пен басқаша стиль мен-мұндалап тұрды.

Драманың комедияға бейімделген нұсқасында да махаббаттан бөлек жеке адамның мақтанқұмарлығы,  өркөкіректігі сынды қасиеттері бай мен батырдың қақтығысында айырықша көрсетіледі. Ең бастысы – әлі күнге тыйылмаған ру тартысын әртістер әжуалап, көрерменге жеткізуге тырысты.

Ғалымжан Құрманбек облыстық әзіл-сықақ және сатира театрының әртісі: «Менің рөлім – байдың рөлі. Қазіргі қоғамда осындай жігіттер өте көп екені жасырын емес. Біреу тойып секірсе, біреу тоңып секіреді ғой. Қазір тойып секіретіндер көп. Әрине, біздің қойылым сол жігіттерге жетсе, жақсы болар еді. Біз сәл де болсын соған үлес қосар едік».

Қоғам өзгергенмен қазақ халқының өзіне тән психологиясы өзгермек емес. Бұрнағы ғасырлардың кейбір мәселесі әлі жойылған жоқ. Режиссер шығарманың махаббаттан гөрі талас-тартыс, келеңсіз, жағымсыз жақтарын бейнелеп суреттеуді алдыңғы орынға шығарған. Сол үшін де әртістердің барлығына бірдей талап қойыпты

Мақсат Айтжанов, режиссер: «Мен барлық әртістерге ең әуелі М. Әуезовтың тілін меңгеруді өтіндім. Бұл – классикалық дүние. Ал, классиканы ойнау үшін әртіс сол автордың басқа да шығармаларын бойына сіңіру керек. Оның үстіне бұл поэтикалық спектакль. Кәдуілгі қара сөзге құралған диалог емес. Ал поэтикалық қойылымды ойнау үшін әртіс қазақ әдебиеті мен поэзиясынан мейлінше хабардар болуы керек».

Режиссердің мақсаты орындалғандай. Еске салсақ, дәл осы музыкалық комедия «Театр көктемі 2018» байқауында бірінші дәрежелі лауреат атанған болатын. Айта кетейік, сатира театрының 10-шы маусымында бес жаңа спектакль сахналанған. Ал «Айман-Шолпанды» сахналауға театрдың шығармашылық ұжымының барлық әртісі тартылған.