Бағасы қымбат, сапасы нашар жарық. Азат шағынаудандағы 400-ге жуық отбасы жылдар бойы электр энегиясына жарымай келеді. Редакциямызға арыздана келген азаттықтар жекенің меншігіндегі жарыққа көңілі толмайтындарын жеткізді. Айтуларынша, электр бағаналарынан ақау шығып, жарық жиі сөніп қалады.
Көп балалы ана Ардақ Ақбаева ай сайын электр қуатына 4000 теңге төлейді. Айтуынша, қыста тоңазытқыш жиі пайдаланылмаса да айырмашылық байқалмайды. Теледидардың қосылатынын айтпағанда жарықты кешкісін ғана жаға бастаймыз дейді. Айтуынша, жиі сөніп қала беретін электр қуаты кешкі мезгілде, тіпті, сығырая түседі екен.
Бес мың тұрғыны бар Азат елдімекенінде 7 трансформатор іске қосылған. Олардың екеуі жекенің меншігінде. Электр қуатын тарататын қос құрылғыдан қазір 400-ге жуық отбасы жарығын ажыратып отыр. Сапасыз қызметке көңілі толмайтын тұрғындар елдімекендегі жарықтың жиі сөніп қалуын тұтынушылардың шамадан тыс артып отырғанымен байланыстырады. Соның салдарынан электр тарату жүйесі үп еткен желге де шыдас бермей, жиі істен шығады.
Жергілікті билік өкілдерінің сөзіне сенсек, елдімекен биылғы жылы толықтай сапалы электр қуатына қол жеткізеді. Қазір жобалау жұмыстары аяқталып, мемлекеттік сараптама қортындысы жасалған. Қаржы қаралса, мамандар іске кірісуге уәде етіп отыр.
Жалпы, елдімекенді сапалы жарықпен қамту үшін мамандар тиісті құжаттардың барлығын құнттап отырғандарын айтады. Қаржы бөлінсе, трансформаторды ауыстырып, тұрғындарға мемлекеттің жарығын тартады. Бір өкініштісі, қаражаттың қай уақытта берілетіні белгісіз.