Отгонцецег Галбадрах, дзюдо күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері

Отгонцецег Галбадрахтың Рио Олимпиадасына баратынына бапкерлер сенімді. Моңғолиядан Шымкентке ауысқан дзюдошы қыз мамыр айына дейін ұпай санын арттыруы тиіс. Қазірдің өзінде ол олимпиадалық рейтингте 14-сатыда тұр. Бұл оның жолдамаға ие болғанын білдіреді.

Моңғолиялық дзюдошы қазақ тілінде сөйлей алмаса да өзінен кейінгі ізбасарларына дзюдо тілінде кеңес беруге тырысты
Моңғолиялық дзюдошы қазақ тілінде сөйлей алмаса да өзінен кейінгі ізбасарларына дзюдо тілінде кеңес беруге тырысты

Оңтүстіктің жас палуандарымен кездескен Отгонцецег Галбадрах Олимпиадаға дайындығын бастады. Риода өтетін байрақты сынақтың жолдамасын қоржынына салған шымкенттік дзюдошы жерлестерімізге үлгі. Сол себепті жекпе-жек спорт түрлері мектебінің басшысы Отгонмен арнайы кездесіп, қаржылай сыйақы да табыс етті.

Отгонцецег Галбадрах, дзюдо күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері
Отгонцецег Галбадрах

Отгонцецег Галбадрах, дзюдодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері: «Мені Шымкентке шақырып, Қазақстанның азаматтығын алуға мүмкіндік бергендері үшін алғысым шексіз. Олимпиадаға қатысып, Оңтүстік бапкерлерінің үмітін ақтаймын деп сенемін. Қазіргі таңда дайындалып жатырмыз.»

Отгонцецег Оңтүстікке Моңғолиядан ауысқан. Өткен жылы еліміздің азаматтығын алып, бүгінде 48 келідегі №1 палуан атануда. Әлемдік сынақтарда қажетті ұпайларды жинап, Олимпиадалық рейтингте 14-сатыда тұр.

Николай Ставицкий, ОҚО жекпе-жек спорт мектебінің директоры: «Отгонцецегтің Олимпиада ойындарына жолдамаға ие болып тұрғанына сенімдіміз. Өйткені, оның әлемдік рейтингтегі көрсеткіші жоғары. Одан бөлек тағы үш спортшымыз да жолдама үшін таласуда. Жаңбыров пен Сыздықов грек-рим күресінен болса, еркін күрестен де бір шәкіртіміз жақсы нәтиже көрсетіп тұр.»

Отгон келгелі Саша өз салмағында бәсекелстік пайда болғанын айқын байқады
Отгон келгелі Саша өз салмағында бәсекелстік пайда болғанын айқын байқады

Александра Подрядова, дзюдодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері: «Отгонның келуі біз үшін жақсы тәжірибе деуге де болады. Мен өз басым онымен жиі белдесіп, шеберлігімді шыңдап алдым да деуге болады. Епті спортшылардың қатарында екені даусыз.»

Облыстық жекпе-жек спорт мектебінің шәкірттері Рио Олимпиадасына үш жолдама жеңіп алуды жоспарлап отыр. Олардың арасында Отгонцецегтің орны бөлек.

Өйткені, бұл палуанымыз дзюдошылар арасында Олимпиадада жүлде алатын басты үміткерлердің бірі. Ал оған дейін жерлестеріміз бірқатар жарыстарда шеберлігін шыңдайды. Тағы бірнеше күннен кейін грек-рим күресінің палуандары Таразда өтетін Қазақстан чемпионатына жол тартады. Ол жақта бас бапкер ұлттық құрама командаға өз іріктеуін жүргізеді.