Бозарық шағынауданының 900 оқушысы екінші тоқсанды жаңа білім ошағында бастады. Бұл мектептің оқушылары бұған дейін 1964 жылы салынған ескі ғимарата үш аусымда оқып келген. Бұдан бөлек, биыл Шымкент қаласы бойынша 4 жаңа мектеп пен 5 мектепке қосымша құрылыс салынды. Соған қарамастан облыс орталығында үш ауысымда оқитын оқушылардың қатары азаймай отыр.
Жаңа ғимарат, жаңа партада отырған Бозарық балаларының қуанышында шек жоқ. Ескі әрі тар ыңғайластырылған мектеппен саластырғанда бұл ғимарат жер мен көктей. Заман талабына сай сынып бөлмелері бар, оған асхана және кең спорт зал тағы қосыңыз.
Шымкентте 2015 жылға жоспарланған білім нысандары толығымен аяқталып, қолданысқа берілді. Қазір 9 мектептің оқушысы үш ауысымда білім алуға мәжбір. Ал келер жылы тағы да екі жаңа мектеп пен 4 білім ошағына қосымша құрылыс салынады. Сонда ғана бұл олқылықты жоюға жол ашылады дейді жауаптылар.
Сондай-ақ, балаларды балабақшамен қамту мәселесі де шешімін тауып келеді. Былтырдың өзінде облыс орталығында 7 жаңа балабақша бой көтеріп, қолданысқа берілген. Бірақ, биыл балабақша салу жоспары жоқ дейді жауаптылар.
Нұрлан Жаңабай