Облыс мәслихатының ауыл-аймақтарын дамыту және табиғатты пайдалану жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысы өтті. Депутаттар алдағы 4 жылдағы облыстың даму бағдарламасын талқылап, 2016-2018 жылдарға арналған облыстық бюджеттің жобасын қарады. Биылғы облыстық бюджеттің көлемі республикалық трансферттер есебінен 143 млрд 601 млн теңгеге ұлғайды. Қаржының басым бөлігі бюджет мекемесі қызметкерлерінің жалақысына, білім, денсаулық сақтау және әлеуметтік салаға бағытталуда.
Өңірдің 4 жылға даму бағдарламасы экономикалық, әлеуметтік, құқықтық, мемлекеттік қызметті жетілдіру, экологияны жақсарту, инфроқұрылымдармен қамту сияқты 6 бағыт бойынша жүзеге асырылмақ. Құжат бекітілсе, 2020 жылға дейін қаладағы тұрғындар 100 пайызға, ал ауылдағы ағайын 80,2 пайызға сапалы ауыз сумен қамтылады.
Бес жылда оңтүстікқазақстандықтардың 56 пайызы табиғи газ, ал 24 елдімекендегі 86 мың тұрғын сапалы электр жарығын пайдаланады. Азаматтардың құқығын қамтамассыз ету де басты назарда болды.
Облыстық ішкі істер департаментінің өкілі биыл ғана жұмысқа кіріскен жергілікті полиция қызметі олқылықтарды болдырмауға тырысатынын жеткізді. Заңда жергілікті полиция қызметі басшысының тұрғындар алдындағы есеп беруі қаралған. Сондықтан шенді сақшы әкімдіктер мен мәслихат алдында және жылына бір рет халық алдында тірлігін түгендейтін болады. Бұл халық алдындағы ашықтық пен азаматтардың сенімін арттыруы тиіс.
Бұл жолы құзырлы орган алдағы 3 жылға арналған қаржысын бөлдіртті. Яғни облыс бюджетіне ішкі істер департаментіне қырауар қаржы қаралды. Оның басым бөлігі дағдарысқа қатысты қауіп төнген жағдайда жұмсалады. Сондай-ақ, оқу-жаттығу жүргізуге және іс-сапар шығындарына республикалық бюджеттен 10,2 млн теңгені ағымдағы трансфертпен бөлу қарастырылуда.
Шынар Оразова