Еңбекші ауданының әкімі Ғалымжан Ильиясов та жылдық есебін берді. Баяндамасынан байқағанымыз, өткен жылы басшының тындырған тірлігі жетерлік. 209 азаматты жеке қабылдап, күрмеуі күрделі мәселенің түйінін тарқатыпты.
Дегенмен, әлі де атқаратын шаруа көп. Өйткені ауданның аумағына жаңадан қосылған елдімекендер жетіп артылады. Кездесуде әкімнің жұмысына оң бағасын берген жұртшылық ендігі кезекте мән берілуі тиіс мәселелерді ақтарды.
Аудан әкімінің 40 минуттық баяндамасы мен жарыссөзге шыққандардың әңгімелері аяқтала салысымен әкімге көкейкесті сауал қоюшылардың легі көбейді. Бұл жиынның бұған дейінгі кездесуден ерекшелігі — есепке қатысушылардың барлығы дерлік инфрақұрылымға қатысты сұрақ қойды. Жол, жарық және мектеп мәселесін көтерді. Шаңырақ пен Абдуллабат елдімекенінің тұрғындары балаларымыз сапалы білім алса дейді.
Аудан әкіміне қажеттіліктерін үйіп-төккендердің сөздерін Білімжан Боташова тежеді. Көксәйек көшесінің тұрғыны бүгінгі барға тәубә деп қанағатқа шақырды. Күні кеше ғана ауданның қарамағына өткен аумақтардың мәселесі алдағы уақытта шешілер деген ол тек тәртіп сақшыларына өкпелі екенін жеткізді. Қазіргі учаскелік полициясы халық сенімінен шығудың орнына көптің көкейінде жұмысымен күмән келтіріпті.
Бадам 2, яғни, 195-орамнан келген Бөбеев Арал ақсақалдың айтары көп. Қалаға қосылғанына 10 жыл болған ауылда әлі күнге дейін жол мәселесі шешілмепті. Жаяу жүргіншілердің аяқжолы деген мүлдем жоқ. Соның кесірінен жас балалар амалсыз үлкен жолмен жүруге мәжбүр. Салдарынан жол-көлік апаты көбейген тас қараңғы көшені жарықтандыратын уақыт жетті дейді қарт.
Жалпы айтқанда, Еңбекші ауданы әкімінің алғашқы есебіне келгендер оң баға берді. Басшының болашаққа деген жоспары жүйелі болғандықтан, қалың қауым қазіргі ахуалға қанағат етті.
Нұрлан Жаңабай