Кәсіпкерді тонау, букмекерлік кеңсеге шабуыл: Оңтүстікте бірнеше қарақшылық топ ұсталды

364
Түркістандағы шабуыл

Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің қызметкерлері бірнеше қарақшылық шабуыл дерегін әшкереледі. Бұл қылмыстар жаңа жыл қарсаңында болған.

30 желтоқсаны түні Сарыағаш АІІБ-ның кезекші бөліміне Абай-Шардара тас жолының бойында қарақшылық шабуыл болғаны жайлы хабарлама келіп түсті. Сол жерге жедел жедел-тергеу тобы аттанады.

Жәбірленушінің айтуынша, түнгі сағат 21:40-та «ВАЗ-2106» автокөлігіндегі бір топ жігіт жәбірленушінің «Тойота-Камри» автокөлігінің алдын кесіп тоқтатқан. Содан көліктен түскен, бетперде киген үш белгісіз жігіт жәбірленушіні қарумен қорқытып, ұрып-соғып, байлап тастаған. Одан кейін 5 миллион теңге ақшасын, ноутбугын және «Айфон» телефонын алып кетеді.

Сарыағаштағы шабуыл

Сарыағаш АІІБ-ның қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шарасы барысында 28 және 25 жастағы Сарыағаш ауданының үш тұрғынын күдікті ретінде ұстады. Олар кінәларын толық мойындап отыр.

Сарыағаштағы шабуыл

Полицейлер дубинка, ақшаның бір бөлігін және «ВАЗ» автокөлігін айғақ зат ретінде тәркіледі. Бір айта кетерлігі, шабуыл жасағандар қылмыстан соң өздерінің көліктерін өртеп жіберіпті.

Ал Түркістан ҚІІБ-ның қызметкерлері қала аумағында қарақшылық шабуылдар жасады деген күдікпен қылмыстық топты ұстады. 21 желтоқсаны күн полицияның кезекші бөліміне 39 жастағы жергілікті тұрғын шағымданған.

Ол өз арызында түн ішінде беттерін тұмшалап жапқан төрт белгісіз адам үйіне баса-көктеп кіріп, ұрып-соғып, қарумен қорқытып, ақшасын, зергерлік бұйымдары мен ұялы телефонын алып кеткенін мәлімдеген. Жәбірленушіге келген шығынның көлемі 300 мың теңгеден асады.

Түркістандағы шабуыл

Тәртіп сақшылары іздестіру барысында 23, 21 және 18 жасар Түркістан қаласының 6 тұрғынын ұстады. Тергеу барысында ұсталған күдіктілердің 3 қарақшылық жасау дерегіне қатысы бар екені анықталды. Жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын көлемі 500 мың теңгеден астам.

Тағы да бір қарақшылық шабуыл жасаушы топ Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданында қолға түсті. 26 желтоқсаны күні Тұрар Рысқұлов ауылында қарақшылық шабуыл орын алған.

Түлкібастағы шабуыл

Күндізгі сағат 14:40 шамасында бетперде киген белгісіз екеу букмекерлік кеңсеге баса-көктеп кіріп, 29 және 17 жасар кеңсе қызметкері мен оның інісін ұрып-соғып, байлап тастайды. Содан кейін кассадан 200 мың теңге алып кеткен. Көмекке келгендердің жәрдемімен қолдарын шешкен жәбірленушілер дәрігерлердің көмегіне жүгінуге мәжбүр болады. Содан кейін полицияға хабар берген.

Түлкібастағы шабуыл

Түлкібас АІІБ-нің қызметкерлері іздестіру іс-шарасы барысында 18 және 17 жасар Шымкент қаласы мен Түлкібас ауданының екі тұрғынын ұстады. Олардан айғақ зат ретінде пышақ тәркіледі. Қазіргі таңда осы қылмысқа қатысты жан-жақты тергеу жұмыстары аяқталып, күдіктілердің қарақшылық шабуыл бойынша 2 жайтқа қатысы бар екені анықталды.

Әл Фараби ауданындағы шабуыл

Сонымен қатар Шымкент қаласы Әл Фараби ауданының полицейлері жалдамалы пәтердің 61 жастағы иесіне шабуыл жасады деген күдікпен 29 жастағы облыс орталығының тұрғынын қолға түсірді. 22 желтоқсан күні түн ішінде күдікті егде жастағы әйелге шабуыл жасап, сол аяғына пышақ жарақатын салған. Содан соң ақшасын, алтын бұйымдары мен ұялы телефонын алып кетіп, жәбірленушіге 100 мың теңгеден астам шығын келтірген.

Әл Фараби полиция бөлімі
Әл Фараби полиция бөлімі