Облыс әкімдігінде Қазығұрт ауданындағы индустриалды аймақта салынуы тиіс биотехнологиялық фабриканың инвестициялық жобасының таныстырылымы өтті. Жобаны «Organic Algae — Fertilizer» түрік инвестициялық компаниясымен бірлескен «Лотус FOOD» жауапкершіліг шектеулі серіктестігі ұсынып отыр.
Аталған жоба аясында спирулин, хлорелла сынды микробалдырлардан экологиялық таза, табиғи дәруменді дәрі-дәрмектер мен «АLGA TS био-пестициді», «АLGA биологиялық табиғи қоспалары», «TS микробалдырлары», «Гематококкус», Дуналиелла балдырлары сынды тыңайтқыштар алу жоспарлануда. Бұдан бөлек фабрикада ірі қара мен ұсақ малды етті бағытта 25 пайызға, сүтті бағытта 15 пайызға арттыру үшін төрт түлікке арналған тұз шығару да көзделген, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Атап өтетін жәйт, аталған компания европаның «Альгасалт» патентіне ие. Кездесу барысында жоғары технологиялы жобаның авторы Ф.Омаров мырза өңіріміздің климаттық жағдайы мен ауыл шаруашылығы және азық-түлік өнеркәсібіне бейім аймақ екенін айтып, мұндағы инвестициялық тартымдылықтың жоғарылығын атап өтті.
Басқосуда фабриканың құрылысы 2016 жылдың көктем мезгілінде басталатыны белгілі болды. Ал алғашқы өнімдер 2017 жылдың жаз айларында шығарыла бастамақ.
Келіссөздер соң жоба авторлары Қазығұрт ауданындағы индустриалды аймақпен танысып, аудандағы ауыл шаруашылығына арналған жерлерді көрді.