Шымкент қаласының полицейлері автокөліктердің мемлекеттік нөмірлерін ұрлады деген күдікпен 23 жастағы азаматты ұстады. 14 қаңтары күні сағат 9:30 шамасында Көктем шағынауданында орналасқан полицияның стационарлық бекетіне жергілікті тұрғыннан хабарлама түскен.
Ол өз арызында Көктем базарының жанындағы автокөліктер тұрағында тұрған көлігінің мемлекеттік нөмірін ұрламақ болған белгісіз тұлғаны ұстап алғаны жайлы мәлімдеген. Шымкент қалалық ішкі істер басқармасы жол-патрульдік полиция полкінің қызметкерлері оқиға орнына тексеру жұмыстарын жүргізіп, ұсталған күдіктіден бірнеше мемлекеттік нөмірді айғақ зат ретінде тәркілеп алды. Ол 1993 жылы туылған Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты.
Жәбірленушінің айтуынша, автокөлігінің дабыл дауысын естіп, жақын келіп қараған. Сол кезде көлігінің мемлекеттік нөмірінің жоқ екенін көріп, сол арада тұрған екі адамды байқап, солардан күдіктенеді. Олар қаша жөнелгенде көлік иесі күдіктелердің бірін қуып жетіп, ұстап, полицейлерге хабарлайды.
Оқиғаның мән жайын анықтау мақсатында полицейлер ұсталған күдіктіні Еңбекші полиция бөліміне жеткізді. Қазір орын алған қылмысқа қатысы бар екінші азаматты анықтап, іздеу жалғасуда. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.