Маржан Тұрлыбаеваның жанашырлары қосымша сараптама талап етеді

338
Маржан Тұрлыбаева
Маржан Тұрлыбаева

Әлеуметтік желіні дүр сілкіндірген Маржан Тұрлыбаеваның мәселесіне нүкте қойылмады. Интернет қолданушылардан көмек сұраған жасөсіріп қыз жанайқайын айтып жар салған болатын. Айтуынша, оны ақыл-есі кемдерді емдеу мекемесінде негізсіз ұстап отырған көрінеді.

Тағдырын тәлкекке салды деп өгей анасы мен дәрігерлерді ашық кінәлайды. Шырғалаңға түскен қыздың тағдырына бей-жәй қарамаған жанашырлар табылып, қызды арашалап алуға тырысуда.

Маржан Тұрлыбаева
Маржан Тұрлыбаева

Түркістандағы жындыханаға жабылған қыздың тағдырына алаңдағандардың қатары күн сайын көбейіп келеді. Маржан Тұрлыбаеваны қолдаушылар оның ақыл-есі дұрыс еместігіне сенбейді. Сондықтан жуырда ғана жасалған медициналық сараптаманы негізсіз деп, тәуелсіз сараптама жасатуды сұранып отыр.

— Тәуелсіз сараптама Алматыда не Астанада жасалса, — дейді Түркістан қаласының тұрғыны Жәмилә Жұмабаева. — Тек Шымкенттен емес! Біз Шымкентке сенбейміз. Өйткені бұл қызды «жынды» деп, Шымкент жапқан басында. Қайтадан сол жынды деп айтқан адамнан өткізді де, қайтадан жауып қоя салды.

Маржанның жүйкесінде ауытқуы бар деген диагнозбен Түркістан психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемесе жатқызылғанына сегіз ай болыпты. Осы уақыт аралығында Маржаннан әлі күнге дейін ауытқышулық белгілері байқалмаған. Мұны мамандар да мойындап отыр. Қыздың жағдайы қалыпты екенін де жасырмады.

— Жолдама арқылы 18 жасқа толуына байланысты біздің мекемеге келгеннен бері қазіргі таңда қызда ешқандай психикалық ауытқу белгілері байқалмайды. Сондықтан, ешқандай ем қабылдап жатқан жоқ, — дейді Түркістан қалалық психоневрологиялық-әлеуметтік мекемесінің психиатры Сәбит Камалов.

Өрімдей қыздың тағдырына араша түскен көпшілік тәуелсіз сараптамадан өткізуді талап етуде. Ал Түркістанның тәртіп сақшылары істің тергеліп жатқаныны алға тартып, мардымды жауап бермеді. Тек Маржанды Астанаға тексеруге жібереміз деп уәде етіп, шулаған жұртты тарқатумен шектелді.

Гүлжан Байназарова